Қазақстандықтар Әбу-Дабидегі шахмат фестивалінде күміс және қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық шахматшылар БАӘ-де өткен 32-ші халықаралық Abu Dhabi International Chess Festival фестивалінде екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
Блицтен ашық турнирде гроссмейстер Эдгар Мамедов күміс жүлдегер атанса, гроссмейстер Алдияр Ансат қола медаль иеленді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
16 жастағы Эдгар Мамедов 11 мүмкіндіктен 9,5 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Ал 18 жастағы Алдияр Ансат 9 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Блиц турнирінің жеңімпазы 10 ұпай жинаған халықаралық шебер Александр Усов атанды.
Қазақстандықтар фестивальдің басты бәсекесі — Masters турнирінде де сәтті өнер көрсетті. Оған 22 елден 109 спортшы қатысты. Олардың қатарында 17 гроссмейстер (GM), 32 халықаралық шебер (IM) және 5 әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) болды. Қазақстан өкілдері арасындағы үздік нәтижені халықаралық шебер Даниял Сапенов көрсетті. Ол алтыншы орынға ие болды.
Тоғыз турдың қорытындысы бойынша 17 жастағы Даниял Сапенов 6,5 ұпай жинады. Бұл екінші орыннан бесінші орынға дейінгі шахматшылардың көрсеткішімен бірдей. Қорытынды орындар қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Masters турнирінің жеңімпазы 7 ұпай жинаған Өзбекстан өкілі Жахонгир Вахидов атанды. Екінші орынға Даниил Дубов, үшінші орынға Александр Рахманов жайғасты.
Үздік ондыққа қазақстандық гроссмейстер Эдгар Мамедов те енді. Ол 6 ұпай жинап, 10-орынға орналасты. Алдияр Ансат та 6 ұпай иеленіп, турнирді 14-орында аяқтады.
32nd Abu Dhabi International Chess Festival фестивалі БАӘ астанасы Әбу-Дабиде 15-24 тамыз аралығында өтті.