Астанада шахматтан түркі елдері арасындағы тұңғыш командалық чемпионат аяқталды

Астанада шахматтан түркі елдері арасындағы тұңғыш командалық чемпионат аяқталды

2026 жылғы 17 мамырда Астанада тұңғыш Түркі елдерінің командалық шахмат чемпионаты аяқталды, онда Қазақстан құрамалары тамаша нәтиже көрсетті: ерлер командалары бірінші және екінші орындарды иеленді, әйелдер құрамасы мен жасөспірімдер күміс жүлдеге қол жеткізді, ал жалпы есепте қазақстандықтар 16 жеке медаль жеңіп алды.

2026 жылғы 17 мамырда Астанада шахматтан түркі елдері арасындағы тұңғыш командалық чемпионат қорытындысы шығарылды. Қазақстан шахматшылары өз аумағында өткен турнирде тамаша ойын көрсетті: ерлер құрамалары бірінші және екінші орындарды иеленсе, әйелдер құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді, ал жасөспірімдер күміс және қола медаль жеңіп алды. Жеке марапаттар бойынша жалпы есепте қазақстандықтар 6 алтын, 5 күміс және 5 қола медальді қанжығасына байлады.

Турнир 14–17 мамыр аралығында Қазақ ұлттық спорт университеті негізінде өтті. Жарысқа Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан құрамалары қатысты. Чемпионат түркі әлемі үшін елеулі күндермен тұспа-тұс келді: 13-14 мамырда Астанаға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапармен келді, ал 15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммиті өтті.

Чемпионаттың ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысушыларға арнап сөз сөйледі: «Туризм және спорт министрлігінің атынан барлық қатысушылар мен делегация басшыларына Чемпионатқа келгені үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің атынан Қазақстан шахмат федерациясының президенті ретінде қосып жатқан үлесі үшін Тимур Русланұлына ерекше алғыс білдіремін. Бүгінде баршамыз осы еңбектің жемісін көріп отырмыз. Қазір әлемдік біріншіліктерде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген мықты шахматшыларымыз бар. Бұл Қазыбек Нөгербек, біздің жастарымыз, отандық шахмат тарихында алғаш рет рапидтен үш дүркін әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева. Бұл зор жетістік. Алдағы уақытта да табысқа жете берейік деп тілеймін. Биік жетістіктер, үлкен жеңістерге қарай ілгерілей берейік».

Қазақстан шахмат федерациясының Бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов турнирдің тарихы қалай басталғанын айтып берді: «2024 жылдың қыркүйегінде Будапешт қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ФИДЕ Бас ассамблеясы Түркі шахмат қауымдастығын құру және оны қосу туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін ұйымды құру жұмысы басталды. Қазіргі таңда барлық процесс толық аяқталды деп айтуға болмайды, бірақ қауымдастық сенімді түрде ілгерілеп келеді. Тұңғыш ірі іс-шара классикалық шахматтан түркі елдерінің командалық чемпионаты болды. Биыл сонымен қатар жеке чемпионаттар өткізу жоспарланып отыр. Қауымдастық бүгінгі таңда әлемдік ауқымда елеулі рөл атқаратын алты елді біріктіреді».

Үш санаттың әрқайсысы — ерлер, әйелдер және 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер санатында айналма жүйе бойынша 7 құрамадан ойнады. Қазақстан жарыс қожайыны құқығымен әр турнирге екі командадан шығарды.   Уақыт бақылау нұсқасы – «жаңа классика» 45+30 (партияға 45 минут беріледі және әр жүріске біріншісінен бастап 30 секунд қосылады). Кепілдендірілген жүлде қоры 27 млн теңгені құрады (54 000 АҚШ долларына жуық). Ұйымдастырушылар — FIDE, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы (Kazchess), Қазақ ұлттық спорт университеті және Астана қаласының әкімдігі. Бас демеуші — Freedom Holding Corp.

Ерлер чемпионаты

Ерлер турнирінде 13 гроссмейстер және 18 халықаралық шебер бас қосты. Қатысушылар қатарында өңірдің ең мықты шахматшылары болды: GM Ахмад Ахмадзада мен GM Мисратдин Искандаров (Әзірбайжан), GM Абдималик Абдисалимов пен GM Жахонгир Вахидов (Өзбекстан), IM Эрай Кылыч пен GM Джем Каан Гёкеркан (Түркия), GM Сапармырат Атабаев пен GM Мейлис Аннабердиев (Түрікменстан). Қазақстан құрамаларынан алғашқы тақталарда қос гроссмейстер — Қазыбек Нөгербек пен Денис Махнёв қатысты.

Сайыс соңғы турға дейін жалғасты. Қырғызстан құрамасы финалдық турда рейтингі әлдеқайда жоғары Өзбекстан шахматшыларын 3–1 есебімен жеңіп турнирдің басты сенсациясын жасады. Қазақстан құрамалары бұл нәтижені тиімді пайдалана білді: Қазақстан-2 Түрікменстанды жеңсе, Қазақстан-1 Әзірбайжан құрамасынан басым түсті, сөйтіп екі команда да жүлдегерлер тұғырына көтерілді.

Қорытынды кесте (Turkic Men's Team Chess Championships 2026):

1. Қазақстан-2 — 9 командалық ұпай, 13½ жеке (жүлде — ₸5 млн, $10 000 жуық)

2. Қазақстан-1 — 8 ұпай, 13 жеке (₸3,5 млн, $7 000 жуық)

3. Әзірбайжан — 7 ұпай, 14½ жеке (₸2 млн, $4 000 жуық)

4. Өзбекстан — 7 ұпай, 12½ жеке

5. Түркия — 5 ұпай, 12 жеке

6. Қырғызстан — 5 ұпай, 9½ жеке

7. Түрікменстан — 1 ұпай, 9 жеке

Тақталардағы үздік нәтижелер:

1-ші тақта: алтын медаль — IM Жандос Ағманов (Қазақстан-2, 4½ ұпай). Күміс жүлдені GM Ахмад Ахмадзада (Әзірбайжан), қоланы GM Сапармырат Атабаев (Түрікменстан) иеленді.

2-ші тақта: алтын — GM Денис Махнёв (Қазақстан-1, 4 ұпай). Күміс жүлдені GM Рамазан Жалмаханов (Қазақстан-2), қоланы GM Мисратдин Искандаров (Әзірбайжан) иеленді.

3-ші тақта: алтын — IM Алдияр Аңсат (Қазақстан-1, 4 ұпай). Күміс жүлдені IM Арда Джамлар (Түркия), күмісті IM Сәтбек Ахмединов (Қазақстан-2) иеленді.

4-ші тақта: алтын медальді IM Тологон Тегин Семетей (Қырғызстан, 3½), күмісті IM Саидакбар Сайдалиев (Өзбекстан) иеленді. Қазақстанға IM Арыстан Исанжолов (Қазақстан-2, 4-ші орын) өкілдік етті.

5-ші тақта: алтын медальді IM Мурад Ибрагимлы (Әзірбайжан, 3½), күмісті IM Умут Ата Акбаш (Түркия, 3½) иеленді.

Әйелдер чемпионаты

Әйелдер турнирінде 6 халықаралық шебер, әйелдер арасындағы 5 гроссмейстер және әйелдер арасындағы 5 халықаралық шебер бас қосты. Әзірбайжан құрамасы негізгі фаворит деп есептелді — бұл 2025 жылы командалық әлем чемпионатында күміс жүлде алған бестік: IM Ульвия Фаталиева (2450, ФИДЕ әлемдік рейтингінде №25), IM Гюнай Маммадзада (2374), WGM Говхар Бейдуллаева (2368), IM Ханым Балажаева (2350) және IM Гюльнар Мамедова (2325). Өзбекстан шахматшылары құрамасында WGM Афруза Хамдамова (2423, ФИДЕ әлемдік рейтингінде №34) және WGM Умида Омонова (2357) қатысты. Қазақстан құрамасының бірінші тақтасында IM Алуа Нұрман (2443) ойнады.

Сайыс финалдық турға дейін жалғасты. Әзірбайжанның шахматшы қыздары Өзбекстан спортшыларымен тең түсті, бірақ бірінші орнын сақтап қалды. Қазақстанның бірінші құрамасы 3½-½ есебімен Түрікменстан командасын тас-талқан етіп, екінші орынға көтерілді.

Қорытынды кесте (Turkic Women's Team Chess Championship 2026):

1. Әзірбайжан —10 командалық ұпай, 18½ жеке (₸5 млн, $10 000 жуық)

2. Қазақстан-1 — 9 ұпай, 16½ жеке (₸3,5 млн, $7 000 жуық)

3. Өзбекстан — 8 ұпай, 15½ жеке (₸2 млн, $4 000 жуық)

4. Қазақстан-2 — 6 ұпай, 13 жеке

5. Түрікменстан — 6 ұпай, 11 жеке

6. Қырғызстан — 2 ұпай, 4½ жеке

7. Түркия —1 ұпай, 5 жеке

Тақталардағы үздік нәтижелер:

1-ші тақта: алтын медальді WGM Афруза Хамдамова (Өзбекстан, 4½) иеленді. WGM Лия Құрманғалиева (Қазақстан-2) 4 ұпай жинап, күміс медаль жеңіп алды, IM Алуа Нұрман (Қазақстан-1) 4-ші орынға шықты.

2-ші тақта: алтын медаль — IM Меруерт Камалиденова (Қазақстан-1, 5½ ұпай). Күміс жүлдені WGM Умида Омонова (Өзбекстан, 3½), қоланы WIM Әсел Серікбай (Қазақстан-2, 3) иеленді.

3-ші тақта: алтын медаль — WGM Говхар Бейдуллаева (Әзірбайжан, 4½), күмісті WFM Джахан Реджепова (Түрікменстан, 3) иеленді. WGM Ксения Балабаева (Қазақстан-1) 4-ші орынға шықты.

4-ші тақта: алтын медаль IM Ханым Балажаеваға (Әзірбайжан, 4½), күміс WCM Мадинабону Халиловаға (Өзбекстан, 4) бұйырды. WFM Айару Алтынбек (Қазақстан-2) 3 ұпай жинап, қола медаль жеңіп алды, WIM Елназ Қалиахмет (Қазақстан-1) 4-ші орынға шықты.

5-ші тақта: алтын медаль — IM Гюльнар Мамедова (Әзірбайжан, 4). WIM Зарина Нұрғалиева (Қазақстан-1) 3 ұпай жинап, күміс медаль жеңіп алды, WFM Аланна Берікқызы (Қазақстан-2) 2½ ұпай жинап, қола медальге қол жеткізді.


Жасөспірімдер Олимпиадасы (16 жасқа дейінгілер)
Жасөспірімдер турнирінде құрамына IM Хаган Ахмад (2472), FM Шамси Гараханов (2316), Пашам Ализаде (2252) және WFM Лала Гусейнова (2149) кірген  Әзірбайжан құрамасы өзіне мерзімінен бұрын бірінші орынды қамтамасыз етті. Екінші және үшінші орындар Қазақстан құрамаларына бұйырды: Қазақстан-1 финалдық турда Түркия құрамасын тас-талқан етсе — 4–0, Қазақстан-2 құрамасы Қырғызстан командасын жеңді – 3–1.


Қорытынды кесте (Turkic Youth U16 Chess Olympiad 2026):

1. Әзірбайжан — 10 командалық ұпай, 16 жеке (₸2,5 млн, $5 000 жуық)

2. Қазақстан-1 — 9 ұпай, 18 жеке (₸2 млн, $4 000 жуық)

3. Қазақстан-2 — 7 ұпай, 13 жеке (₸1,5 млн, $3 000 жуық)

4. Түркия — 7 ұпай, 11 жеке

5. Өзбекстан — 6 ұпай, 13 жеке

6. Қырғызстан — 3 ұпай, 8 жеке

7. Түрікменстан — 0 ұпай, 5 жеке


Тақталардағы үздік нәтижелер:

1-ші тақта: алтын медаль — IM Хаган Ахмад (Әзірбайжан, 6 ұпай). IM Сауат Нұрғалиев (Қазақстан-1) 5 ұпай жинап, күміс медаль жеңіп алды, FM Назар Талғатов (Қазақстан-2) 3½ ұпай жинап, қола медальге қол жеткізді.

2-ші тақта: алтын — GM Эдгар Мамедов (Қазақстан-1, 5 ұпай). FM Алдияр Жауынбай (Қазақстан-2) 4 ұпай жинап, күміс медаль жеңіп алды. Қола жүлде CM Садулло Азизовқа (Өзбекстан, 4 ұпай) бұйырды.

3-ші тақта: алтын медаль — Пашам Ализаде (Әзірбайжан, 4½). Нұрмұхаммед Қабиназар (Қазақстан-2) 3½ ұпай жинап, 4-ші орынға шықты, FM Дінмұхаммед Төлендінов (Қазақстан-1) 3 ұпай жинап, 5-ші орынға шықты. Күміс медаль CM Руслан Момуналиевке (Қырғызстан), қола жүлде FM Жавохир Бозоровқа (Өзбекстан) бұйырды.

4-ші тақта: алтын — WFM Мария Холявко (Қазақстан-1, 5 ұпай). Күміс жүлде WFM Нилуфархон Имомкузиеваға (Өзбекстан, 4½) бұйырды. Әсия Асылхан (Қазақстан-2) 2 ұпай жинап, 6-шы орынға шықты.

Астанада жоғары деңгейде өткен Түркі елдері арасындағы шахматтан тұңғыш командалық чемпионат түркі мемлекеттерінің шахмат федерациялары арасында тұрақты жарыс ұйымдастыру дәстүріне жол ашты. Үш турнирдің қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар 6 алтын, 5 күміс және 5 қола медальді қанжығасына байлады.



Күн шежіресі