Шахматшы Алуа Нұрман халықаралық шебер мәртебесін тағы бір мәрте растады
Прагада өткен турнирдегі сәтті өнерінен кейін 18 жастағы Алуа Нұрман Ташкентте өткен Георгий Агзамовты еске алуға арналған 19-шы халықаралық турнирде халықаралық шебер (IM) мәртебесін тағы бір мәрте растады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
17–26 наурыз аралығында Өзбекстан астанасында өткен турнирге 100-ден астам шахматшы қатысты. Open-A санатында 101 ойыншы сынға түссе, олардың қатарында Қазақстаннан 9 спортшы болды.
10 турдан кейін жарыстың жеңімпазы армениялық гроссмейстер Гайк Мартиросян атанды. Ол 7,5 ұпай жинады. Екінші орынды Артём Усков иеленсе, үздік үштікті өзбекстандық Абдималик Абдисалимов түйіндеді.
Қазақстандықтар арасында ең жоғары нәтижені Ринат Жұмабаев көрсетті — 6,5 ұпаймен 19-орын. Азамат Өтеғалиев пен Алуа Нұрман 6 ұпайдан жинап, сәйкесінше 23 және 24-орындарға тұрақтады.
Алуа Нұрман турнирдегі әйелдер арасындағы үздік нәтиже көрсетіп, рейтингін +38,2 ұпайға арттырды. Оның турнирлік перформансы 2521 көрсеткішіне жетіп, халықаралық шебер атағын растауға мүмкіндік берді.
Турнир барысында қазақстандық шахматшы 10 партияның алтауын гроссмейстерлерге қарсы өткізді. Жалпы бес партияда жеңіске жетіп, бірқатар кездесулерде тең нәтиже көрсетті.