Олжас Абраев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқан, сондай-ақ қоғамдық қызметте белсенділік танытқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Sport+ Qazaqstan медиатобының басшысы Олжас Абраев та бар. Оған «Ерен еңбегі үшін» медалін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев табыстады.
«Бұл марапатты бүкіл медиатобымыз ұжымының атқарып жатқан ауқымды еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Сондай-ақ бұл — Sport+ жобасын дамыту жолында таңдаған бағытымыздың дұрыс екенін көрсететін маңызды белгі.
Биыл телеарнамыздың ашылғанына үш жыл толды. Осы уақыт ішінде біз спорттың түрлі бағыттарын, соның ішінде ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, көптеген республикалық және халықаралық жарыстардың тікелей трансляцияларын ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да отандық спорт индустриясының дамуына өз үлесімізді қоса береміз.
Алдымызда әлі атқарылатын жұмыс көп, жүзеге асыратын жоспарларымыз да ауқымды. Бұл марапат бізге бастаған ісімізді жалғастырып, жаңа мақсаттарға ұмтылуға қосымша серпін береді.
Бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріме, серіктестерімізге және бізге сенім артқан көрермендерімізге шынайы алғысымды білдіремін» — деді Олжас Абраев.
Айта кетейік, «Ерен еңбегі үшін» медалі — 1995 жылдан бері экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызмет салаларындағы елеулі еңбек жетістіктері үшін беріліп келе жатқан мемлекеттік награда.