Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер Almaty Open турнирінің финалына шықты
Аустриялық теннисшілер Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жұптық сайысында финалға жолдама алды.
Бірінші нөмірмен тіркелген аустриялық жұп жартылай финалда үшінші нөмірлі үндістандық Шрирам Баладжи мен америкалық Эван Кингті 7:6 (7:4), 4:6, 10:3 есебімен жеңді.
Алғашқы сет тартысты өтті. Екі жұп та өз доп беру мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, қарсыластарына брейк жасауға мүмкіндік бермеді. Сеттің тағдыры тай-брейкте шешіліп, Мидлер мен Оберлайтнер 7:4 есебімен басым түсті.
Екінші партияда Баладжи мен Кинг ойын тізгінін өз қолдарына алып, қарсыластарының бір доп беру геймінде жеңіске жетті. Нәтижесінде олар сетті 6:4 есебімен ұтып, кездесудегі есепті теңестірді.
Шешуші матч-тай-брейкте аустриялық теннисшілер басымдық танытты. Олар қатарынан алты ұпай жеңіп алып, 10:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер Almaty Open турнирінің финалына шығып, жұптық сындағы чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алды.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.