Sport+ және Қазақстан шахмат федерациясы меморандумға қол қойды
Sport+ Qazaqstan медиатобы мен Қазақстан шахмат федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға ресми түрде қол қойды. Бұл елдегі шахматты дамыту мен кеңінен насихаттау жолындағы маңызды қадам болды.
Бүгінде Қазақстанда шахмат қарқынды дамып келеді, және бұл үдерісте Федерация президенті Тимур Русланұлы Турловтың еңбегі зор — ол осы спорт түрінің дамуына қатысты барлық процестерге белсенді түрде қатысып келеді.
Қазіргі таңда жастар арасында шахматқа деген қызығушылық артып, турнирлер саны көбейіп жатыр. Қазақстандық гроссмейстерлер халықаралық аренада жиі көзге түсуде. Әсіресе, шахмат олимпиадасында қыздарымыздың тарихи жүлдесін, Қазыбек Нөгербектің жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, Дармен Сәдуақасовтың жетістігін қайталауын, сондай-ақ Бибісара Асаубаеваның Қазақстан шахматы тарихында алғаш рет үміткерлер турниріне қатысуын ерекше атап өткен жөн. Бұл турнирдің жеңімпазы әлем чемпионымен ойнау мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ жас шахматшыларымыздың жетістіктерін де атап өткен жөн: олар өз жас санаттары бойынша әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды — Алинұр Әділбек (8 жасқа дейін), Алиша Бисалиева (8 жасқа дейін), Дәнис Қуандықұлы (12 жасқа дейін), Эдгар Мамедов (16 жасқа дейін), Марк Смирнов (14 жасқа дейін), сондай-ақ Сауат Нұрғалиев (16 жасқа дейін). Бұл жетістіктердің маңыздылығын және мемлекет тарапынан шахматты дамытуға көрсетіліп отырған қолдауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас чемпиондарды қабылдауы дәлелдейді.
Зияткерлік спорт елдің спорт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып, ұрпақтарды біріктіріп, дарынды ойыншылардың жаңа легін қалыптастыруда.
Sport+ телеарнасы шахматтың қазақстандық жастар үшін маңызын түсіне отырып, осы спорт түрін дамыту мен насихаттауға барлық қолда бар ресурстарын ұсынуға дайын.
Меморандумға қол қою шахматты ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктер ашады: көрермендерді жаңа телевизиялық жобалар, эксклюзивті контент және шахмат әлеміндегі маңызды оқиғалар мен тұлғаларға арналған көбірек материалдар күтуде.
Sport+ Qazaqstan медиатобы Қазақстандағы спортты дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырып, отандық спортшылардың ең жарқын жетістіктері мен оқиғаларын насихаттай береді.