Тимур Турлов: Бүгінде FIDE жаңа даму кезеңінің алдында тұр. Ұйымға тың серпін қажет деп санаймын
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов FIDE президенті қызметіне кандидат ретінде ұсынылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Sport+.
Тимур Турлов соңғы жылдары шахматтың қарқынды дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ойын, ең алдымен, жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болды, шахмат қауымдастығы барлық құрлықтарда қарқынды өсіп келеді, ал цифрлық технологиялар шахматты бұрынғыдан да қолжетімді етті.
«Алайда бүгінде ғасырлық тарихы бар федерация жаңа даму кезеңінің алдында тұр. Осы уақытқа дейінгі жетістіктерді тоқтатуға немесе жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, бұл үрдісті күшейтіп, дамуға тың серпін беріп, алға жылжу қажет деп санаймын. Сондықтан Халықаралық шахмат федерациясының президенті қызметіне өз кандидатурама ұсыну туралы шешім қабылдадым», — деді Тимур Турлов.
KazChess басшысы өзінің Қазақстандағы кәсіпкер екенін және 15 жылдық басқарушылық тәжірибесі бар екенін де еске салды. Ол негізін қалаған Freedom холдингі бүгінде нарықтық капитализациясы 10 миллиард АҚШ долларына жететін жария компанияға айналған. Холдинг әлемнің 22 елінде жұмыс істейді, 14 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді және 11 мыңнан астам қызметкерді біріктіреді.
«2023 жылы Қазақстан шахмат федерациясының президенті қызметіне келдім. Осы уақыт ішінде ерлер арасындағы әлем чемпионаты матчын, рапид және блицтен командалық әлем чемпионатын өткіздік. Ал бір айдан кейін туған қалам — Алматыда университеттік командалар арасындағы әлем чемпионаты өтеді», — деп жазды Тимур Турлов.
FIDE президентін сайлау қыркүйек айында Самарқандта өтетін ұйымның конгресі барысында ұйымдастырылады.