Тимур Турлов FIDE президентінің орынбасары лауазымына өз кандидатурасын ұсынды

Тимур Турлов FIDE президентінің орынбасары лауазымына өз кандидатурасын ұсынды

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президентінің орынбасары лауазымына өз кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sport+ ҚШФ ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы ол әлеуметтік желілердегі парақшаларында мәлімдеді. 

FIDE-нің басқарушы құрамына кезекті сайлау 2026 жылы 26-27 қыркүйекте Самарқандта, Ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтеді. Осы кезеңде қалада әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған гроссмейстерлер мен шахмат сүйер қауымның басын қосатын 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы да өткізілмек.

FIDE ережелеріне сәйкес, президент пен оның орынбасары (Deputy President) сайлауға ортақ тізіммен түседі. Осыған байланысты Тимур Турлов алдағы сайлау науқанына қатысатын FIDE-нің қазіргі басшысы Аркадий Дворковичтің командасының құрамына кірді.

Т. Турлов атап өткендей, бұл қадам Қазақстандағы ұлттық шахматты дамыту және цифрландыру жөніндегі жұмыстың қисынды жалғасы болды.

«Осы 3,5 жыл ішінде қол жеткізген нәтижелеріміз маған мына жайтты анық көрсетті: біздің Қазақстанда қолданып отырған тәсіліміз өзін толық ақтады, енді оны әлдеқайда кең ауқымда, әлемдік  шахмат деңгейінде қолдануға болады», — деп жазды ол.

Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Федерациядағы әріптестерінің қолдауына сүйене отырып, ол елдегі бүкіл шахмат саласын жаңғыртуды бастады. Бұл жұмыс шахматты мектептерге енгізу мен өңірлік байланыстарды қайта құрудан бастап, спорттық деректерді цифрландыруға және республика аумағында FIDE-нің негізгі турнирлерін өткізуге дейінгі бағыттарды қамтиды. 

Мәселен, Қазақстанда дарынды жастарды қолдау бағдарламасы іске қосылды, соның арқасында болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар беделді мамандармен жаттығуға, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге және әлемдік жетекші жарыстардың барлығына баруға мүмкіндік алды.

«Білім берудегі шахмат» республикалық бағдарламасы да белсенді дамып келеді, оның аясында бастауыш сынып оқушылары өз оқу орындарынан шықпай-ақ тұрақты түрде шахматпен айналысады. Бүгінгі таңда бағдарлама Қазақстанның барлық өңірлерінде 1 500-ден астам мектеп пен 60 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ең мықты балалар мен жасөспірімдер құрамаларының бірі және ең үздік әйелдер командаларының бірі қалыптасты. Медальдар саны да тұрақты түрде артып келеді: тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирлерде 162 марапатқа ие болса, оның 64-і алтын.

2026 жылы елде шахмат мектептері мен клубтарын аккредиттеудің жаңа жүйесі іске қосылды, ал қазіргі уақытта республикалық шахмат экожүйесінің негізгі өзегіне айналатын KazChess ID бірыңғай цифрлық платформасын толыққанды іске қосу дайындығы жүріп жатыр.

«Біздің команда шын мәнінде халықаралық сипатқа ие, ал мен онда Президентіміз бірнеше рет атап өткен дәл сол „орта державаның“ өкілімін. Менің міндетім FIDE-нің тұрақтылығы мен теңгерімін арттырып, ұйым ішіндегі өзара түсіністікті нығайту. Сонымен қатар, жетекші технологиялық кәсіпкерлердің бірі ретінде федерацияның цифрлық дамуына өз үлесімді қоса аламын. Осы тұрғыдан алғанда, мен тек өзімді ғана танытып отырған жоқпын. Өйткені бүгінгі Қазақстанның өзі де дәл осындай мемлекет: цифрлы, технологиялық әлеуеті мықты, орнықты әрі кез келген тараппен салмақты да теңгерімді диалог құра біледі. Халықаралық қауымдастық оны сенімді серіктес ретінде мойындап отыр. Сондықтан осы қасиеттерімізді технологиялық дамуымыз бен тұрақтылығымызды халықаралық институттарға да енгізгеніміз орынды деп санаймын», — деп атап өтті Тимур Турлов.



Күн шежіресі