Oskemen Open 2026 турнирі Шығыс Қазақстанда басталды

Oskemen Open 2026 турнирі Шығыс Қазақстанда басталды

Өскеменде халықаралық Oskemen Open 2026 шахмат фестивалі өз шымылдығын түрді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанның шығысына 16 елден келген 200-ге жуық шахматшы қатысу үшін жиналды, деп хабарлайды Sport+.

Турнир бағдарламасына екі жарыс енгізілген:

— Masters (рейтингі 2400 және одан жоғары шахматшылар үшін). Бұл турнир FIDE Circuit 2026–2027 сериясына кіреді.
Open (рейтингі 2400-ге дейінгі шахматшылар үшін).

— Masters турниріне 16 елден 77 шахматшы өтінім берген. Олардың қатарында 22 гроссмейстер (GM), 1 әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар.

Бастапқы рейтинг тізімін 2026 жылдың 1 шілдесіндегі рейтингі 2600-ден жоғары бес гроссмейстер бастап тұр. Олар — әлем чемпиондығына үміткерлер турнирінің қатысушысы Андрей Есипенко (2678, FIDE), халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері Максим Чигаев (2648, Испания) және Шант Саргсян (2646, Армения), Aktobe Open 2024 турнирінің күміс жүлдегері Александр Предке (2603, Сербия) және Almaty Region Open. Qonaev Cup 2025 жеңімпазы Адитья Миттал (2602, Үндістан).

Алаң иелері сапында гроссмейстерлер Денис Махнев (2562), Алдияр Ансат (2500), Қазыбек Нөгербек (2494), Рамазан Жалмаханов (2478), Әлішер Сүлейменов (2476) және Эдгар Мамедов (2459), сондай-ақ халықаралық шеберлер Арыстанбек Уразаев (2493) пен Даниял Сапенов (2490) өнер көрсетеді.

Әйелдер арасында тәжірибелі Полина Шуваловаға (2483, FIDE) және 16 жастағы Шуби Гуптаға (2383, Үндістан) Лия Құрманғалиева (2361), Әсел Серікбай (2219), Аяру Алтынбек (2114) және Аяулым Қалдарова (2029) бәсекелес болады.

Турнирдің ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Шығыс Қазақстан облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған 1628 спорт нысаны жұмыс істейді. Өңірде 313 961 адам немесе халықтың 45 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Ал шахматпен 85 жаттықтырушының жетекшілігімен 10 мыңға жуық спортшы шұғылданады», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов турнирдің символдық мәніне тоқталды.

«Кеше бүкіл әлем Халықаралық шахмат күнін атап өтті, ал бүгін Өскеменде әлемге танымал шахматшылар қатысып жатқан ауқымды турнир басталып отыр. Жалпы, Қазақстанда шахмат өте қарқынды дамып келеді. Бұған жүйелі әрі кешенді жұмыстың нәтижесі әсер етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев интеллектуалды ұлт қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын, ал шахмат осы міндетке өз үлесін қосып келеді. Үкіметтің 2027 жылға дейінгі шахматты дамыту жөніндегі қаулысы табысты жүзеге асырылуда. Бүгінде еліміз бойынша шахмат оқытылатын 1500 мектеп бар. Жақында Қазақстанның 22-гроссмейстері атанған Алдияр Ансат та Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды», — деді Марат Есенов.

Гроссмейстер Алдияр Ансат турнирдің жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

«Қарсыластар өте мықты. Құрамы өте жоғары деңгейде. Мұнда рейтингі 2700-ден асатын гроссмейстерлер де бар. Белгілі бір нәтиже туралы алдын ала айтқым келмейді. Ең бастысы — сапалы ойын көрсетіп, рейтингімді көтеру. Алдағы мақсатым — қыркүйекте өтетін шахмат олимпиадасында сәтті өнер көрсету. Сонымен қатар рейтингімді 2550-ден, кейін 2600-ден асырып, одан әрі өсіру», — деді Алдияр Ансат.

Open турниріне 122 спортшы тіркелген. Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры — 45 миллион теңге, ал Open турнирінде — 5 миллион теңге.

Екі турнир де швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Ойындар классикалық уақыт бақылауымен (90+30) өтеді: әр партияға 90 минут беріледі және алғашқы жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылып отырады.

Oskemen Open 2026 — ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан кубогының 2026 жылғы екінші кезеңі. Ақшалай сыйлықтардан бөлек, алғашқы 20 орын алған шахматшылар Қазақстан кубогының жалпы есебіне ұпай жинайды. Үшінші, шешуші кезең 12–20 қазан аралығында Атырауда өтеді, ал финал желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.



Күн шежіресі