Қазақстанның көкпаршылары Қырғызстанмен реванш ойнаудан бас тартты

Қазақстанның көкпаршылары Қырғызстанмен реванш ойнаудан бас тартты

Қазақстанның Көкпар федерациясы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

«Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалды. Көшпенділер ойындарына дайындық ретінде спортшыларымыз 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы 5 оқу-жаттығу жиыны аттармен және спортшыларға сай келетін ат таңдаумен өтті. Федерация тарапынан да арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынды», – дейді федерациядан.

5-ші дүниежүзілік көшпенділер  ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді.

«Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. ҚР көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайтынын да жеткізгіміз келеді», – делінген ақпаратта.