Қазақстан U16 жасөспірімдер құрамасы халықаралық Batumi Cup 2026 турнирінің күміс жүлдегері атанды
16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Грузияда өткен халықаралық Batumi Cup 2026 турнирінде екінші орын алды, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыс барысында отандық футболшылар сенімді ойын өрнегін көрсетті. Есімбек Нұрахметовтің командасы турнирдің алғашқы матчында «Динамо Батуми» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Дастан Рүстем, Сержан Жанмұрат және Максим Бонет бір-бір голдан соқса, Мансұр Ақылбек дубль авторы атанды. Кейінірек құрама «Иберия 1999» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Бұл ойында қарсылас қақпасына енген жалғыз допты Дастан Рүстем соқты. Испаниялық «Вильярреалға» қарсы өткен тартысты матч та 1:1 есебімен тең аяқталды, мұнда Никита Духов мергендік танытты.
Бұдан кейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасы «Динамо Тбилиси» командасын 2:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Командаға жеңіс сыйлаған голдарды Никита Духов пен Әлихан Қуандық соқты.
Batumi Cup 2026 турнирінің финалдық матчында қазақстандықтар испаниялық «Вильярреалмен» қайта кездесіп, 3:0 есебімен есе жіберді.
Осылайша олар турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Қазақстан U-16 құрамасы матчтарының нәтижелері:
Қазақстан U-16 — «Динамо Батуми» — 5:0
Голдар: Рүстем, Жанмұрат, Бонет, Ақылбек (дубль).
«Иберия 1999» — Қазақстан U-16 — 1:1
Гол: Рүстем.
«Вильярреал» — Қазақстан U-16 — 1:1
Гол: Духов.
Жартылай финал: «Динамо Тбилиси» — Қазақстан U-16 — 0:2
Голдар: Духов, Қуандық.
Финал: «Вильярреал» — Қазақстан U-16 — 3:0