Алматыда World Tennis AGM Бас ассамблеясы аясындағы өңірлік конференциялар басталды
Алматыда World Tennis жыл сайынғы Бас ассамблеясы аясындағы өңірлік конференциялар басталды. Конференциялар бағдарламасы 11 қазанда ресми түрде ашылды. Делегаттарға World Tennis президенті Дэвид Хаггерти және Қазақстан теннис федерациясының президенті, World Tennis вице-президенті Болат Өтемұратов құттықтау сөз сөйледі.
Ассамблея іс-шаралары Орталық Азияда алғаш рет өтіп жатыр. Форум ұлттық федерациялардың басшыларын, халықаралық және құрлықтық теннис ұйымдарының өкілдерін, сала сарапшылары мен серіктестерін біріктіреді. Конференциялар бағдарламасы мен жалпы дауыс беруге 137 елден 262-ден астам делегат қатысады деп күтілуде.
Дэвид Хаггерти ынтымақтастықты нығайту үшін бетпе-бет кездесудің маңызын атап өтіп, жылы қабылдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.
«Өткен жылы Бас ассамблеямыз онлайн форматта өтті. Сондықтан қайтадан жүзбе-жүз кездесіп, теннистің дамуын талқылау ерекше қуаныш сыйлайды. Мұнда көптеген елдің өкілдері жиналды. Олардың барлығы Қазақстанның қонақжайлығын сезініп үлгергеніне сенімдімін. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Алдағы күндері біз спорт түрімізді одан әрі дамыту жолдарын және жаңа мүмкіндіктерді талқылаймыз. Бірлесе отырып, көптеген жаңа жоспар құра алатынымызға сенімдімін», — деді Д. Хаггерти.
Болат Өтемұратов форумның Алматыда өтуі қазақстандық теннистің дамуындағы маңызды белес екенін атап өтті.
«Он тоғыз жыл бұрын Қазақстан теннис федерациясын басқаруға кіріскенімде, бір күні осындай ауқымды іс-шарада әлемдік теннис басшыларын қабылдайтынымызды елестету қиын еді. Біз инфрақұрылым мен білікті жаттықтырушылардың тапшылығына, қаржылық қиындықтарға тап болдық. Жүйелі жұмыстың және команданың ортақ ұстанымының арқасында осы қиындықтарды даму мүмкіндіктеріне айналдыра алдық.
Бас ассамблея — серіктестікті нығайтуға, идея алмасуға және бірлесе алға жылжуға арналған алаң. Дэвид Хаггерти мен Директорлар кеңесіне сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Әрбір ел теннистегі өз жетістік тарихын жаза алатынына сенімдімін. Ал біздің ортақ міндетіміз — сол әлеуетті ашуға көмектесу», - деп атап өтті Б. Өтемұратов.
World Tennis AGM жыл сайынғы Бас ассамблеясының іс-шаралары Алматыда 10–13 қазан аралығында өтіп жатыр. Бағдарламаға Директорлар кеңесінің отырыстары, өңірлік конференциялар және панельдік пікірталастар енген.
Қатысушылар теннистің қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау, сондай-ақ халықаралық жарыстарды ұйымдастыру мәселелеріне назар аударады. Ұлттық федерацияларды қолдау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Бағдарламаның негізгі оқиғасы - 13 қазанда өтетін World Tennis Бас ассамблеясы. Бұл күні Қазақстанда әлемдік теннистің одан әрі дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, басым бағыттар айқындалады.