Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды

Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұйрығымен Берік Қасенов каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Sport+.

Бұған дейін бұл қызметті Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Дархан Асаділов атқарған болатын. Белгілі спортшы қызметінен өз өтініші бойынша кетті. Еске салайық, Дархан Асаділовтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы өткен жылы Азия чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізіп, 4 алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында команда 1 алтын және 2 қола медаль еншіледі.

Берік Қасенов — каратэден (WKF) Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан чемпионаттарының чемпионы және жүлдегері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері.

Ол спорттық жолын 2012 жылы Алматы қаласындағы «Шаңырақ» республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде каратэ (WKF) бойынша бастады. 2023 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы мен Алматы қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Берік Қасенов — еліміздегі жас буын арасындағы тәжірибелі бапкерлердің бірі. Оның шәкірттері әлем және Азия чемпионаттарында түрлі жас санаттарында алтын медаль жеңіп алып, халықаралық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

Атап айтқанда, олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Әлихан Қадырғали, Азия чемпионы Даяна Даренская, Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Диас Ұлбек пен Нұрия Тізімбай, жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Лаура Әлиқұла, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері әрі Азия чемпионы Белла Самашева бар.