Асылжан Таскет Мешковпен жекпе-жек туралы: Мақсатым — тек жеңіс
31 мамыр күні Алматыда өтетін «Alash Pride» пен «Brave» бірлескен турнирі қарсаңында қазақстандық жауынгер Асылжан Таскет Sport+ сайтына берген сұхбатында қарсыласы Алексей Мешковпен болатын жекпе-жек туралы пікірін айтты.
Асылжанның сөзінше, жекпе-жекке дайындық Ақтөбе қаласында «Еркін Күш» командасында өтуде.
— Дайындығым Ақтөбе қаласында «Еркін Күш» командасында жалғасуда. Қазіргі таңда жекпе-жекке толық дайынмын, — деді спортшы.
— Өткен жолы Мешковпен болған жекпе-жекте ауыр соққы алған едіңіз. Қазіргі денсаулық жағдайыңыз қалай?
— Ешқандай ауыр жарақат болған жоқ. Бұл — спорт, сондықтан мұндай сәттерге дайын боламыз.
— Жалпы, алдағы Мешковпен болатын айқас сіз үшін қаншалықты принципті?
— Мешковпен болатын айқас мен үшін өте маңызды. Бар күшімді салып дайындалып жатырмын. Мақсатым — жеңіске жету, — деп түйіндеді ол.
Аталмыш турнирді Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.