Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы әлем чемпионатының тарихи қола жүлдесін жеңіп алды
10–17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында ерлер арасында отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 16 ұлттық құрамасы қатысты, деп хабарлайды Sport+.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен сынға түсті. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар өз тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
1/8 финалда ұлттық құрама Польша командасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңсе, ширек финалда дәл осындай есеппен Руанда құрамасынан басым түсті.
Жартылай финалда қазақстандық волейболшылар әлемнің қазіргі чемпионы Иран құрамасына 0:3 есебімен есе жіберді.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилияны 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
Бұл — Қазақстан құрамасының отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионаттарындағы алғашқы жүлдесі. Тарихи қола медаль отандық параспорттың маңызды жетістіктерінің біріне айналды.