V Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын 150 спортшы қорғайды
18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында V Азия Пара ойындары өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Аталған беделді жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының 150 спортшысы спорттың 12 түрінен бақ сынайды. Атап айтқанда, отырып ойнау волейболынан — 12, пара таеквондодан — 8, пара дзюдодан — 26, пара үстел теннисінен — 12, пара нысана көздеуден — 12, пара жеңіл атлетикадан — 14, пара садақ атудан — 9, пара жүзуден — 21, арбадағы теннистен — 3, пара пауэрлифтингтен — 15, боччадан — 5 және пара велоспорттан 13 спортшы қатысады.
«Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары спорттың 1 командалық және 11 жекелей түрінен ел намысын қорғайды. Биыл Қазақстан құрамасы алғаш рет арбадағы теннистен сынға түседі. Сонымен қатар еліміздің атынан пара жеңіл атлетика жарыстарына алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар қатысады. Атап айтқанда, олар жеңіл атлетикада Т20 санатында, ал пара үстел теннисінде 11-санатта өнер көрсетеді.
Ойындарға дайындық аясында спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысып, 63 медаль жеңіп алды. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз өз дайындықтарын толық көрсетіп, жоғары нәтижелер үшін күресетініне сенімдіміз», — деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Спорт басқармасының басшысы Қайратбек Сейітбеков.
V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара спортшылар үшін алғашқы жарыстар 16 қазанда пара үстел теннисінен жекелей сайыстармен басталады. Ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтеді.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындарына 45 елден 4000-ға жуық спортшы қатысады. Спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қосымша ақпарат:
Қазақстан Азия Пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында қазақстандық спортшылар 105 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола жүлде бар.
2010 жылы Қазақстан құрамасы 63 спортшымен спорттың 6 түрінен сынға түсіп, 2 күміс және 5 қола медаль иеленді.
2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия Пара ойындарында 78 қазақстандық спортшы спорттың 9 түрінен бақ сынап, 24 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 7 алтын, 6 күміс және 11 қола жүлде бар.
2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен III Азия Пара ойындарында 90 қазақстандық спортшы спорттың 9 түрінен жарысқа қатысып, 33 медаль еншіледі. Оның ішінде 5 алтын, 15 күміс және 13 қола медаль бар.
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарына Қазақстан атынан 131 спортшы қатысты. Ұлттық құрама рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 41 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола жүлде бар.