Фаниль Рафиков Ашурлаев — Есқазиев жекпе-жегі туралы: Мейірбек күресте де, тік тұрып айқасуда да мықты. Ол Ашурлаевты жеңіп, чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
NAIZA лигасының бұрынғы чемпионы Фаниль Рафиков Sport+ сайтына берген сұхбатында Павлодарда өтетін турнирде клубтасы Мейірбек Есқазиев пен Наби Ашурлаев арасындағы жекпе-жекке қатысты өз болжамын айтты.
«Наби соңғы жекпе-жегінде Мири Садықовпен кездесті. Джаксты есепке алмағанда, бұл Мейірбектің мансабындағы ең мықты қарсыласы болмақ. Мейірбек — өте талантты әрі тәртіпті спортшы. Ол Осетияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қазір турнирге соңғы дайындықтарын жүргізеді. Ол туралы тек жақсы пікір айта аламын.
Бұл Мейірбек үшін чемпиондық жекпе-жек алдындағы маңызды сынақ. Егер ол Наби Ашурлаевты жеңсе, NAIZA лигасының жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуіне басты үміткерлердің біріне айналады.
Жекпе-жектің қалай өтетініне келсек, бәрі Мейірбектің өзі таңдаған тактикаға байланысты болады. Менің ойымша, Наби күреске басымдық беруге тырысады. Алайда Мейірбек күресте өте мықты, қарсыласын сабмишн әдісімен жеңе алады. Оның үстіне, қазір ол тек күресін ғана емес, тік тұрып айқасу шеберлігін де айтарлықтай жетілдіріп жатыр.
Осетиядағы жаттығу жиынында ол UFC файтері Азамат Бекоевпен спарринг өткізді. Мейірбектің болашақта ММА-ның үлкен жұлдызына айналуға мүмкіндігі зор. Қазір ең бастысы — Ашурлаевпен жекпе-жектегі сынақтан сүрінбей өту. Одан кейін оның чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасатынына сенімдімін.
Мейірбекке жанкүйер болып, қолдау көрсетіңіздер! Мен де Павлодардағы турнирге арнайы барып, бұл жекпе-жекті өз көзіммен тамашалаймын. Мейірбек жеңіске жетеді деп ойлаймын», — деді Фаниль Рафиков.
Турнир 1 қарашада өтеді. Жарыстың барлық жекпе-жегін Sport+ Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.