Ербол Хамитов биатлон федерациясынан екі миллион теңге алды
Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатовтың бастамасымен жазғы Азия чемпионаты аясында Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов пен оның жаттықтырушылар штабына ақшалай сертификаттарды табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+.
Италиядағы Паралимпиада ойындарындағы тарихи жетістігі үшін Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа 2 000 000 теңгелік сертификат табысталды. Спортшыны ұзақ жылдар бойы ең ірі жарыстарға дайындаған жеке бапкері Антон Ждановичке 1 000 000 теңгелік сертификат берілді. Дәл осындай 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификат Қазақстанның пара биатлон құрамасының бас бапкері Василий Коломиецке де табысталды. Ол команданы Паралимпиада ойындарына дайындауға зор үлес қосты.
Еске салсақ, 2026 жылдың наурыз айында Ербол Хамитов Миланда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан қуу жарысында жеңіске жетіп, Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлады. Бұл — Қазақстанның биатлондағы алғашқы Паралимпиада алтыны әрі ел спорты үшін жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі болды.
Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Ануарбекұлы Қизатов Паралимпиада чемпионы мен оның бапкерлерінің еңбегін бағалау — олардың қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар еліміздегі параспорт қауымдастығына берілген маңызды белгі екенін атап өтті.
«Ерболдың Паралимпиададағы алтыны — оның да, жаттықтырушылар штабының да көп жылғы жанкешті еңбегінің нәтижесі. Қазақстан биатлоншылар одағы үшін мұндай жеңістердің лайықты бағаланып, қолдау табуы аса маңызды. Бұл — параспортты дамытуға қосқан үлесіміз әрі болашақ чемпиондарға үлкен ынталандыру», — деді Ермек Қизатов.
Марапаттау рәсімі Азияның түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен мамандардың басын қосқан жазғы Азия чемпионаты аясында өтті. Бұл шараға ерекше символдық мән беріп, үлкен спорт мерекесі аясында жеке жетістіктің лайықты бағаланғанын көрсетті.
Қазақстан биатлоншылар одағы Ербол Хамитовты, Антон Ждановичті және Василий Коломиецті құттықтап, алдағы уақытта да жаңа спорттық белестерді бағындыруына тілектестік білдіреді.