logo

Едіге Емберді: Азия рекордын жаңарттым, ендігі мақсат — әлем чемпионаты

Едіге Емберді: Азия рекордын жаңарттым, ендігі мақсат — әлем чемпионаты

4-10 шілде аралығында елордада жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Аталмыш додада қазақстандық ауыр атлет Едіге Емберді рекорд жаңартып, жеңімпаз атанған болатын. Осы орайда, отандасымыз Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

— Астанадағы Азия біріншілігіне дайындық қалай болды?

— Жалпы, оқу-жаттығу жиындары қаңтар айынан басталды. Шамамен 15 қаңтардан бастап дайындыққа білек сыбана кірістік. Біраз уақыт бұрын бапкерлеріміз: «Осы жарыс — ең маңыздысы», — деген еді. Әрине, бұл кезең оңай болған жоқ. Ауыр салмақтармен көп жұмыс істедік, көп күш салынды.

Азия чемпионатының алдында Лима (Перу) қаласында өткен әлем чемпионатына қатыстым. Өкінішке қарай, сол жерде жүлдеге бір қадам жетпей қалдым. Бұған себеп — жарыс қарсаңында алған жарақатым еді.

Кейін Алматыға оралған соң, жарақатымнан толық айығуға күш салдым. Жеке бапкеріммен бірлесіп арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істей бастадық. Соңғы екі айға созылған дайындық жұмыстары осы Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтті.

— Бұған дейінгі дайындық барысында Азия рекордын жаңарту туралы ой болды ма?

— Иә, осыдан 2-3 апта бұрын жаңа ақпарат шықты. Салмақ дәрежелері өзгергеннен кейін, әр салмақтағы рекордтық көрсеткіштер де жаңартылды. Сол кезде жеке бапкеріммен бірге отырып: «бұл рекордты жаңартуға болады екен», деген ортақ шешімге келдік.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, тек серпе көтеруде ғана емес, жалпы қоссайыс бойынша да рекордты жаңарттым. Енді жылдың соңына дейін уақыт бар. Демек, әлем рекордын жаңартуға да мүмкіндік бар.

— Турнир өз жерімізде өтті. Жауапкершілікті сезіндіңіз бе?

— Иә, қатты уайымдадым. Оңай болған жоқ. Дайындық кезеңінде бар күш-жігерімді салдым. Оның үстіне, әлем біріншілігінде жүлдеден тыс қалғаным ауыр тиді. Бірақ соған қарамастан, берілмедім. Жеке бапкеріммен бірге екі ай бойы тынымсыз дайындалдық.

Жарыс уақытында Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешеніндегі қонақ үйде болдым. Бастапқыда спортшылар кішкене сезініп, көріп, бейімделіп алсын деген мақсатпен жарыс болатын тұғырға арнай алып барады. Мен сол тұғырға төрт күн қатарынан барып қайттым (күледі). Солай барып келгеннен кейін ғана ұйықтай алатынмын. Әйтпесе, уайымнан көз іле алмай шыққан түндер де болды.

Одан бөлек, өзім Астана қаласының намысын қорғап жүргендіктен, жанкүйерлерімнің барлығы келді. Сөйтіп, олардың қолдауымен алтын медальді жеңіп алдым. Ал енді алтыннан алқа таққанда бар уайымым бір сәтте ұмытылып кетті ғой (күледі). Кәдімгідей үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Дегенмен, әлі күнге дейін уайымдаймын. Кейде сол жарыстың бейнежазбасын қайта-қайта қосып көре беремін.

— Әрі қарай 79 келіде өнер көрсетесіз бе?

— Иә, биылғы жылды толығымен 79 келі салмақ дәрежесінде өткіземін. Ал келесі жылдан бастап 88 келіге ауысуым мүмкін. Бірақ бұл әзірге нақты емес. Дегенмен, осы жылы алдағы әлем чемпионатында және Ислам ойындарында 79 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын боламын.

— Сіздің ойыңызша, ұлттық құрама спортшылары қалай өнер көрсетіп жатыр?

— Денис Полубояриновты ерекше атап өтуге болады. Оның техникасы өте жоғары деңгейде, өзі де нағыз мықты жігіт. Сондай-ақ Ерасыл Сәулебеков те бар — болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі. Ақжол Құрманбекті де осы қатарға қосар едім. Жалпы, командаластарымның барлығы да жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр.

— Жақында сіз Ұлттық Олимпиадалық комитетінің II дәрежелі Құрмет белгісімен марапатталдыңыз. Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді? Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

— Әрине, бұл марапат мен үшін өте қымбат. Мен бұл марапатты осы күнге дейінгі еңбегім мен жетістіктерімнің еленгені деп білемін. Өйткені барлығы бірдей үш дүркін әлем чемпионы атанып жатқан жоқ қой. Сол себепті, осы жетістіктерімді ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне үлкен алғысымды білдіремін.

— Алдағы дайындық жоспарлары қандай? Басты мақсатыңыз туралы айтсаңыз?

— Енді бір айдай демаламын. Бұл демалысым негізінен жарақаттарымнан толық айығуға арналады. Содан кейін жеке бапкеріммен бірге қайтадан жаттығу процесін бастаймын. Желтоқсан айында Норвегияда өтетін әлем чемпионаты немесе Ислам ынтымақтастығы ойындары бар — сол екеуінің біреуіне қатысатын боламын. Биыл әлі жастар арасында бақ сынасам, келесі жылдан бастап ересектер арасында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын.

Осы жылғы басты мақсатым — Ислам ойындары немесе әлем чемпионатында топ жарып, жоғары нәтиже көрсету. Әрине, бұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырамын деген сенімдемін. Қалыпқа келіп, дайындық деңгейімді арттырып, басты арманым — 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу.