logo

Дәурен Бекмұханбетов: Жаңа салмақ дәрежелері бойынша спортшыларды іріктеп, келесі жылға дайындалу қажет

Дәурен Бекмұханбетов: Жаңа салмақ дәрежелері бойынша спортшыларды іріктеп, келесі жылға дайындалу қажет

Ауыр атлетикадан Қытайдың Цзяншень қаласындағы Азия чемпионаты аяқталды. Аталмыш жарыста қазақстандық атлеттер екі медальға қол жеткізді. Осы орайда, ұлттық құраманың бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарысты қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Sport+.

Құрлықтық біріншілікке жалпы 26 елден 247 спортшы қатысты. Ұлттық құрама атлеттері Азия чемпионатына дайындықты Алматы облысынан бастаған болатын. Содан кейін қазақстандықтар Түркия еліне аттанып, оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Ұлттық құрама Азия чемпионатында жеңіс тұғырының биігінен көріне алмаса да, жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Артем Антропов күміс жүлде иеленді.

Отандасымыз жарыстың басты фавориттерінің бірі саналды. Бұған себеп, 2024 жылғы әлем чемпионатындағы алтын медалі. Спортшы сол кезде қоссайыстың қорытындысы бойынша 400 (170+230) келіні бағындырған.

Ал, Қытайдағы Азия чемпионатында қазақстандық ауыр атлет қоссайыстың қорытындысы бойынша 386 (165+221) келіні еңсерді. Дәл осындай нәтижемен ол тек Париж Олимпиадасының чемпионы Лу Хуаньхуаға ғана есе жіберді. 

Сонымен қатар 21 жастағы зілтемірші Петр Хребтовтың өнерін айта кеткен жөн. Қазақстандық спортшы ересектер арасында Азия чемпионатына алғаш рет қатысты. Соған қарамастан отандасымыз жүлдеге қол жеткізе алды. Петр қоссайыстың нәтижесінде 333 (146+187) келіні көтерді. 

Ал, Егор Шерер (89 келіге дейін) мен Любовь Ковальчук (87 келіден жоғары) жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Осы орайда, ұлттық құраманың бас бапкері Дәурен Бекмұханбет спортшылардың өнеріне баға берді.

«Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті деп айтуға болады. Ересектермен қатар, жас спортшылар да ел намысын абыроймен қорғады. Бұл — болашақ үшін өте маңызды тәжірибе. Алайда, кейбір салмақ дәрежелерінде жетіспеген тұстар болды. Бұл кемшіліктерді мойындай отырып, алдағы уақытта қателіктермен жан-жақты жұмыс жасаймыз.

73 келіге дейінгі салмақта Петр Хребтовты ерекше атап өткім келеді. Себебі, ол жас спортшы болғанына қарамастан, ересектер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Петр болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың бірі.

Ал Артем Антропов өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезініп, жарысқа тыңғылықты дайындықпен келді. Өкінішке қарай, бұл салмақта Олимпиада чемпионы, қытайлық зілтемірші бірінші орынды иеленді. Дегенмен, Артемның жеңіп алған күміс жүлдесі — жоғары нәтиже. Бұл оның тұрақты дамып келе жатқанын және алдағы ірі додаларда алтын жүлде үшін күресе алатынын көрсетеді», — деді бас бапкер.

Ендігі ұлттық құраманың алдында Сауд Арабиясында өтетін 2025 жылы өтетін Ислам ынтымақтастығы ойындары және Норвегиядағы әлем чемпионаты болмақ. Сондай-ақ, бас бапкер Дәурен Бекмұханбетов алдағы дайындық жоспарымен бөлісті.

«Енді осы жылы өтіп жатқан жарыстар аса маңызды емес. Келесі жылы іріктеу кезеңі басталады. Сол уақыттан бастап, жақсы нәтиже көрсету керек. Сондай-ақ келесі жылы Азия ойындары болады. Басты жарыстарымыздың бірі. 

Биылғы Азия чемпионаты соңғы рет ескі категория бойынша өтті. Келер жылдан бастап халықаралық жарыстар жаңа салмақ дәрежелерімен өтетін болады. Бұл өзгерістер спортшылар мен бапкерлер құрамынан бейімделуді талап етеді.

Қазіргі уақытта зілтеміршілер Бахрейнде өткен әлем чемпионатынан кейін қалыпқа келу шараларын өткізуде. Мысалы, ұлттық құраманың белді мүшесі Нұрғиса Әділетұлы қазір қалыпқа келу шараларын жүргізіп жатыр. Алайда ол әлі толық бабына келген жоқ. Ендігі осы жылы жаңа салмақ дәрежелері бойынша спортшыларды іріктеп, келесі жылға дайындалу қажет», — деп қорытындылады бас бапкер.



Күн шежіресі