Александр Бублик: Мен үшін жеңіске жету ғана емес, өз болмысымды сақтау да маңызды

Александр Бублик Roland Garros турнирінің төртінші кезеңінде әлемнің бесінші ракеткасы Джейк Дрейперді әсерлі жеңгеннен кейін Sport+ басылымына берген сұхбатында өзінің ойыны, қысыммен қалай күресетіні және неге ол тек өз шарттарымен ойнайтыны туралы айтып берді.
— Александр, жеңісіңізбен құттықтаймыз. Матчқа қандай баға бересіз?
— Рақмет! Шынымды айтсам, бұл — мен ойнаған ең үздік матчтардың бірі. Бүгін бәрі тамаша болды, мен толықтай шоғырланып, өзімнің ең жақсы ойынымды көрсете алдым.
— Матч барысында өте сабырлы көріндіңіз. Бұл ненің арқасы?
— Мұндай матчтарда менің бір ғана мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Барымды салып, еш қорықпай ойнауға тырысамын. Егер бірдеңе шықпай қалса — ештеңе етпейді, келесі жолы тырысамын. Бүгін мен өзімді толық арнадым — бұл өз жемісін берді.
— Биыл сіздің топырақтағы (грунттағы) жеңістеріңіз өткен бірнеше жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Не өзгерді?
— Биыл мен топырақтағы маусымға басқа көзқараспен келдім. Бұрын бұл жабынды көп сынайтынмын, ал биыл оны жай ғана қабылдап, ойнай бастадым. Нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз.
— Сіз бәрін нәтижеге арнауға дайын ойыншыларға ұқсамайсыз. Неліктен өз принциптеріңізді сақтау сіз үшін соншалықты маңызды?
— Мен көп жаттығамын, бірақ жарақатпен немесе денсаулығыма зиян келтіріп ойнауға дайын емеспін. Мен үшін спорт та, өмір де маңызды. Мен үшін тек жеңіске жету емес, өз болмысымды сақтау, ойыншы әрі адам ретінде дами беру маңызды.
— Бүгінгі жеңіс сіздің мансабыңыздағы ерекше сәт пе?
— Әрине, иә. Бұл — мен үшін ең маңызды матчтардың бірі шығар. Осындай күндері істеп жүрген ісімнің мәні бар екенін түсінемін.
— Сіз жиі барлығын өз шарттарыңызбен жасайтыныңызды айтасыз. Бұл сіздің табысыңыздың сыры ма?
— Бір ғана құпия бар деп ойламаймын. Бәрі — тәжірибе мен еңбектің нәтижесі. Көп жұмыс істеу керек, бірақ өзіңді тыңдай білу, ішкі түйсігіңе сену де маңызды. Мен басқаларды қайталамай, өз жолыммен алға жылжуға тырысамын.
— Кәсіби мансапты армандайтын жас ойыншыларға не айтар едіңіз?
— Жұмыс істеңдер, бірақ өздеріңді ұмытпаңдар. Ойнаңдар, жаттығыңдар, бар күштеріңді салыңдар, бірақ денелерің мен бастарыңды да тыңдауды ұмытпаңдар. Әркім өз жолын табады. Ең бастысы — өзіңе адал болып, ләззат әкелетін іспен айналысу.