Бес қазақстандық теннисші «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастады

Теннистен Қазақстан құрамасының бес өкілі Парижде (Франция) өтіп жатқан ірі турнирдің бірі — «Ролан Гаррос» жарысының екінші кезеңіне өтті, деп хабарлайды Sport+ Оlympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерлер арасындағы жарыста Александр Бублик аустралиялық Джеймс Даквортты 6:2, 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Екінші кезеңде ол әлемнің тоғызыншы ракеткасы аустралиялық Алекс де Минаурмен ойнайды.
Александр Шевченко жарысты сербиялық Душан Лайовичті 6:2, 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңумен бастады. Келесі айналымда оған америкалық Итэн Куинн қарсылас болады.
Әйелдер арасында Елена Рыбакина Аргентинадан барған Хулия Риерді (WTA № 202) 6:1, 4:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Еленаның келесі қарсыласы америкалық Ива Йович болмақ.
Юлия Путинцева аргентиналық Солана Сьерраны (WTA № 110) 7:6(4), 6:2 есебімен жеңіп, жарысты сәтті бастады. Келесі қарсыласы тайбэйлік Джоанна Гарленд.
Жұптық жарыста Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Польша мен АҚШ жұбы Магда Линнет/Бернарда Пенаға қарсы ойында 6:7, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олардың келесі қарсыластары кейін анықталады.