Сингапурде садақ атудан Азия кубогының кезеңі өтіп жатыр

Қазіргі уақытта Сингапурде садақ атудан Азия кубогының кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz cайтына сілтеме жасай отырып.
Турнир аясында классикалық садақ атудан ерлер арасындағы іріктеу кезеңі өтті.
Іріктеу кезеңінде ең жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық Ильфат Абдуллин болды – ол 681 ұпай жинады. Екінші орынға Тайбэйден барған Тай Ён Лю (672 ұпай) жайғасты. Үшінші орын уақытша үндістандық Вишну Чудхариге бұйырды – 669 ұпай.
Абдуллин алғашқы плей-офф кезеңін өткізіп жіберді. Ал екінші айналымда ол өзінің командаласы Дәулеткелді Жанбырбайды 6:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Енді Ильфат 1/4 финалға шығу үшін моңғолиялық Дашнам Доржсуренмен кездеседі.