«Селтик» «Қайратпен» қарымта матч алдында құрамын жаңа шабуылшымен толықтырмақ

Шотландиялық «Селтик» бельгиялық «Антверпенмен» шабуылшы Мишель-Анж Баликвишаның трансфері бойынша келісімге келді, деп хабарлайды Sport+.
24 жастағы форвард бұл жазда «Селтиктің» басты трансферлік мақсаты болған. Келісім сомасы шамамен 5 миллион еуроны құрайды (Transfermarkt.de сайты ойыншыны 7 миллион еуроға бағалайды). Баликвиша жеке келісімшарт шарттарын келісіп қойды және жақын арада ұзақ мерзімді келісімге қол қояды.
Өткен маусымда Мишель-Анж Баликвиша «Антверпен» сапында 18 матч өткізіп, 4 гол соқты және 3 нәтижелі пас берді. Ал «Селтик» келесі аптада Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта матчында «Қайратқа» қарсы ойнайды — бұл ойын 26 тамыз күні Алматыда өтеді. Глазгода өткен бірінші матч тең есеппен аяқталды — 0:0.