logo

Римдегі Премьер-лигада қазақстандық спортшылар финалға шықты

Римдегі Премьер-лигада қазақстандық спортшылар финалға шықты

Италияның астанасы — Рим қаласында биылғы Премьер-лига сериясының екінші турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасының екі спортшысы финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport+ ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Әсель Қанай ширек финалда Чили спортшысы Барбара Хуайкиманды, ал жартылай финалда Тунис өкілі Вафа Махжубты жеңді. Ертең финалда қазақстандық спортшы басты жүлде үшін Жапония өкілі Сарара Шимадамен кездеседі.

Ал Софья Берульцева жартылай финалда Испания спортшысы Мария Гарсия Торресті жеңіп, биыл қатарынан екінші рет Премьер-лига турнирінің финалына шықты. Бұған дейін ширек финалда Берульцева Түркия өкілін жеңген болатын. Ертең ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері финалда Англия спортшысы Рошель Уолтерспен кездеседі.

Айта кетейік, қарсыластар бұған дейін өткен жылы Каирде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен. Сол кездесуде Софья жеңіске жеткен болатын.

Сонымен қатар, 84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ұлттық құраманың өкілі Никита Тарнакин ширек финалда Эдуард Гаспарскийге (WKF-1) жол берді. Ал 84 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Диас Анарбеков Босния және Герцеговина спортшысы Анес Бостанджичтен жеңілді.

Айта кетейік, Премьер-лига сериясының турнирлеріне әлемдік рейтингтегі ең үздік спортшылар ғана қатысады. Осы күндері Италияда ката және кумитэ бағдарламалары бойынша 66 елден келген 384 спортшы бақ сынап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ыстамбұлда өткен Премьер-лига кезеңінде Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған болатын.



Күн шежіресі