Қазақстанның ерлер құрамасы таеквондодан командалық әлем кубогының күміс жүлдегері атанды
Бүгін Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында WT таеквондодан командалық әлем кубогының жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Sport+.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ерлер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Қытай құрамасымен кездесті. Тартысты матч 0:2 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды. Ұлттық құрама сапында Мақсат Орынбасар, Абдурахмон Марипов, Ануар Мұхаметкәрімов және Батырхан Күсетов өнер көрсетті.
Турнир барысында қазақстандық таеквондошылар ширек финалда Марокко құрамасын 2:0 есебімен сенімді түрде жеңсе, жартылай финалда Ресей құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, командалық әлем кубогына 10 елден келген 80 таеквондо шебері қатысты.