Қазақстандық пара жеңіл атлеттер Чехиядағы Гран-при кезеңінде алты медаль жеңіп алды

Қазақстандық пара жеңіл атлеттер Чехиядағы Гран-при кезеңінде алты медаль жеңіп алды

2–4 шілде аралығында Чехияның Оломоуц қаласында пара жеңіл атлетикадан Гран-при кезеңі өтті, деп хабарлайды Sport+.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапында үш спортшы бақ сынап, жарыс қорытындысында алты медаль жеңіп алды. Отандастарымыз үш алтын, бір күміс және екі қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының басты жетістіктерінің бірі — екі әлем рекордының жаңаруы болды.

F45 санатында өнер көрсететін Ирина Тыщенко турнирдің үш дүркін жеңімпазы атанды. Ол диск лақтыру, найза лақтыру және ядро итеру жарыстарында алтын медаль жеңіп алды.

Диск лақтыру сайысында Ирина 25,72 метр нәтижемен жаңа әлем рекордын орнатса, ядро итеруде 8,83 метр көрсеткішпен тағы бір әлемдік рекордтың авторы атанды.

T62 санатындағы Айсұлу Сүлейменова екі жүлде еншіледі. Ол 100 метр қашықтықта 15,64 секунд нәтижемен күміс медаль жеңіп алса, 200 метрге жүгіруде 33,23 секунд көрсеткішпен мәреге үшінші болып келіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Ал F57 санатында сынға түскен Әсем Жанаділова балға лақтырудан қола медаль иеленді.



Күн шежіресі