Қазақстандық балуандар әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды
Сербияның Нови-Сад қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Грек-рим күресі бойынша қазақстандық балуандар екі медаль жеңіп алды. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Юсуф Мациев күміс жүлдегер атанды. Ол финалға дейін сенімді өнер көрсетіп, шешуші белдесуде украиналық Егор Якушенкомен күш сынасты, алайда 1:6 есебімен қарсыласына жол берді.
72 келі салмақ дәрежесінде Мерей Мәулетханов қола медаль иегері болды. Қазақстандық классик шешуші белдесуде ресейлік Данила Григорьевті 10:0 есебімен таза жеңді.
Әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады.