Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогындағы алғашқы кездесуінде Францияға есе жіберді
Мысыр астанасы Каирде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы командалық әлем чемпионаты - Junior Davis Cup Finals турнирі жалғасуда. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы кездесуін Франция командасына қарсы өткізуде.
Екінші жекелей сында қазақстандық Ахмади Маханов франциялық Пабло Прадаммен кортқа шықты. Үш сетке созылған тартысты кездесуде отандасымыз қарсыласына есе жіберді.
Маханов алғашқы партияда сенімді ойын көрсетіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Алайда француз теннисшісі келесі екі сетте басымдық танытып, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша кездесу 6:4, 3:6, 4:6 есебімен қазақстандық спортшының жеңілісімен аяқталды.
Бұған дейін алғашқы жекелей кездесуде Ансар Ниетқалиев франциялық Бенуа Гелдофқа 3:6, 3:6 есебімен жол берген болатын.
Нәтижесінде Франция құрамасы екі жекелей кездесуде жеңіске жетіп, командалық матчтың тағдырын мерзімінен бұрын шешті 2:0.
Бүгін командалар арасындағы соңғы жұптық кездесу өтеді. Қазақстан намысын бұл матчта Ансар Ниетқалиев пен Родион Трайгель қорғайды.
Еске сала кетейік, жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен бір топқа түскен.
Ертең, 3 қарашада, қазақстандық жасөспірімдер АҚШ құрамасына қарсы ойнаса, 4 қараша, сәрсенбі күні топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Үндістан командасымен өткізеді.
Junior Davis Cup Finals - жасөспірімдер арасындағы әлемдегі ең беделді командалық теннис жарыстарының бірі. Турнирдің финалдық кезеңіне әлемнің 16 үздік құрамасы қатысуда. Топтық кезең қорытындысы бойынша әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.