Қазақстан құрамалары жастар арасындағы Азия чемпионатын бастады
Таиландтың Бангкок қаласында үстел теннисінен 30-шы жастар арасындағы Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport+.
Алғашқы болып командалық сайыстың топтық кезеңі өтті. Қазақстан намысын ұлдар мен қыздар құрамалары 19 жасқа дейінгі және 15 жасқа дейінгі екі жас санатында қорғауда.
19 жасқа дейінгі қыздар құрамасы алғашқы кездесуінде Қытай Тайбэйі құрамасына 0:3 есебімен есе жіберді. Кейін дәл осындай есеппен Шри-Ланка құрамасын жеңді.
Осы жас санатындағы ұлдар құрамасы тартысты өткен матчта Қытай Тайбэйіне 2:3 есебімен жол беріп, кейін Бангладеш құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
15 жасқа дейінгі ұлдар құрамасы Малайзиядан 1:3 есебімен жеңіліп, кейін Макаоны 3:2 есебімен ұтты. Ал қыздар құрамасы Оңтүстік Кореяға 0:3 есебімен есе жіберіп, Филиппин құрамасын 3:2 есебімен жеңді.
Барлық төрт қазақстандық құрама 29 маусым күні жарысты жалғастырады.