Қазақстан мен ITTF үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен ITTF үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойды

3 шілде күні Астанада ITTF World Table Tennis Championships Finals ASTANA-2027 турниріне дайындық аясындағы маңызды оқиға өтті, деп хабарлайды Sport+. 

Kazakh National University of Sports (KNUS) — Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылу күнінде 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин мен Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлинг (Petra Sörling, Швеция) қол қойды.

Келісімге қол қою әлемдік үстел теннисі тарихындағы ең ірі спорттық іс-шаралардың біріне дайындықтың кезекті маңызды кезеңі болды. Құжат тараптардың әлем чемпионатын ITTF халықаралық стандарттарына сәйкес ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өзара іс-қимылын айқындайды.

Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин:

«Бүгін біз ерекше тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз — 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл — Қазақстанда үстел теннисін дамыту мен кеңінен насихаттау бағытында атқарылған ауқымды жұмыстың заңды жалғасы. Осы чемпионатты елімізде өткізу мүмкіндігін бергені үшін Халықаралық үстел теннисі федерациясына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды жеткіземін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында әлем чемпионатын ең жоғары ұйымдастыру деңгейінде өткізетінімізге сенімдімін», — деді.

2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астана Орталық Азия елдерінің тарихында алғаш рет ITTF World Table Tennis Championships Finals турнирін қабылдайды. Әлем чемпионатына дүниежүзінің ең үздік спортшылары, 100-ден астам елдің өкілдері, мыңдаған жанкүйерлер, ресми тұлғалар, халықаралық серіктестер және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлинг:

«Бүгін біз алдағы әлем чемпионатына дайындықтың жаңа кезеңін бастайтын өте маңызды қадам жасадық. Қазақстанмен бірлесіп ITTF тарихындағы ең үздік турнирлердің бірін жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімдімін. Қазақстанға, Астана қаласына, Қазақ ұлттық спорт университеті KNUS-қа және Қазақстан Үстел теннисі федерациясына жемісті ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремін. 2027 жылы Астанада жүздесуді асыға күтеміз», — деп атап өтті.

Қазақстанға жасаған сапары барысында ITTF делегациясы Қазақ ұлттық спорт университеті KNUS-тың салтанатты ашылуына да қатысуда. Келісімге дәл осы заманауи спорт университетінің ашылу күні қол қойылуы ерекше мәнге ие. Университет болашақта спорт, ғылым және спорт менеджменті саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлайтын маңызды орталыққа айналады.

ITTF World Table Tennis Championships Finals ASTANA-2027 турниріне дайындық Қазақстан Үстел теннисі федерациясы, Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі және Астана қаласының әкімдігі арасындағы тығыз ынтымақтастық аясында жалғасуда.

Алдағы әлем чемпионаты отандық үстел теннисі тарихындағы ең ірі спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық деңгейдегі ең беделді жарыстарды өткізе алатын мемлекет ретінде әлемдік спорт қауымдастығына танытудың маңызды мүмкіндігі болмақ.



Күн шежіресі