Иван Пономарев: Ойыншы кортқа жалғыз шығады, бірақ оның артында әрдайым командасы тұрады

Иван Пономарев: Ойыншы кортқа жалғыз шығады, бірақ оның артында әрдайым командасы тұрады

Қазақстандық теннисші Иван Пономарев өзінің соңғы жасөспірімдер маусымын ересектер турына ауысуға дайындықпен өткізіп жатыр. Ол қаңтар айынан бастап ересектер арасында өнер көрсетіп, ойынның жоғары қарқыны мен бәсекелестік деңгейіне біртіндеп бейімделуде. Қазір Иван латвиялық маман Андис Юшкамен бірге жаттығып жүр.

Сондай-ақ ол спорттық мансабын АҚШ-тағы NCAA-ның бірінші дивизионында жалғастыру мүмкіндігін қарастырып, ATP рейтингіндегі алғашқы ұпайларын жинауды мақсат етіп отыр. Иван сұхбат барысында Ригадағы жаттығу процесі, жаттықтырушымен жұмысы, ересектер теннисіне ауысуы, отбасы мен команданың маңызы туралы айтып берді.

— Иван, қазір Ригадағы жаттығуларың қалай өтіп жатыр? Ол жаққа барғаннан кейін дайындықтарыңда және тенниске деген көзқарасыңда қандай өзгерістер болды?

— Жаттығулар өте нәтижелі өтіп жатыр. Бірақ шынымды айтсам, Ригаға толықтай көшіп кеткен жоқпын. Кейде үйге қайтып келіп, осында да жаттығамыз. Мен үшін ең бастысы — жаттықтырушымның жанымда болуы. Ал нақты қай жерде жаттығатынымыздың — Ригада немесе үйде — аса үлкен айырмашылығы жоқ. Ең маңыздысы — жаттығу процесінің сапалы өтуі және менің әрі қарай дамуым.

— Андис Юшкамен бірге жұмыс істеу туралы айтып берші. Оның жаттықтырушы ретіндегі жұмысында нені ерекше бағалайсың? Ол саған кортта ғана емес, оның сыртында да қандай нәрселер үйретті?

— Андиспен жұмыс істеу маған өте ыңғайлы. Ол мені ойынның басқа деңгейіне алып шықты. Қазір мен доп алмасуды өзім басқарып, матчтың барысына көбірек ықпал ете аламын. Оның әр жаттығуда бар күшін салатынын және маған қатты сенетінін ерекше бағалаймын. Бұл мен үшін өте маңызды.

— Биыл сен үшін жасөспірімдер арасындағы соңғы жыл. Ересектер теннисіне ауысуға қандай көңіл күймен дайындалып жатырсың? Сенің ойыңша, бұл кезеңдегі ең қиын нәрсе не болады?

— Негізі, біз қаңтар айынан бері ересектер турында ойнап жүрміз. Ересектер теннисінің қарқыны мен деңгейіне біртіндеп бейімделу үшін ауысуды әдейі ертерек бастауды шештік. Ең қиыны — олардың ойын жылдамдығына бейімделіп, доп алмасуды өзің басқару. Өйткені ересектер турында ешкім саған ұпайды оңай бере салмайды. Әр ұпай үшін күресуге тура келеді.

— Алдағы екі-үш жылға қандай мақсат қойып отырсың? Нақты турнирлер, рейтингтегі орындар немесе қол жеткізгің келетін нәтижелер бар ма?

— Алдағы жылдардағы басты мақсатым — ATP рейтингтік ұпайларын жинау. Әрине, біртіндеп ересек ойыншыларға лайықты бәсеке көрсете алатын деңгейге көтерілгім келеді.

— Білім алып, сонымен қатар тенниспен кәсіби түрде айналысуды жалғастыру үшін АҚШ университетіне түсу мүмкіндігін қарастырып жүрсің. Спорт пен білімді қатар алып жүру идеясы саған қаншалықты жақын?

— Иә, NCAA-ның бірінші дивизионына — D1 деңгейіндегі университетке түсу мүмкіндігін қарастырып жүрмін. Онда теннистің деңгейі жоғары, сонымен қатар сапалы білім алуға мүмкіндік бар. Спорт пен оқуды қатар алып жүруге болады. Бірақ бұл көп жағдайда адамның болашақтағы мақсатына және теннистен неге қол жеткізгісі келетініне байланысты.

— Жылдам нәтиже мен ұзақ мерзімді даму арасында таңдау жасау керек болса, қазір сен үшін қайсысы маңызды? Ертең мықты ойыншы болу үшін бүгінгі нәтижеден бас тартуға дайынсың ба?

— Мен үшін ең бастысы — күн сайын даму. Бүгінгі нәтижені құрбан етіп, ертең бірнеше есе мықты ойыншы болғанды жөн көремін. Қандай жолмен болса да тез нәтиже көрсетуге тырысқаннан гөрі, ойыншы ретінде үнемі алға жылжып, мықты бола түсу мен үшін әлдеқайда маңызды.

— Теннисті көбіне жеке спорт түрі деп айтады. Алайда әр ойыншының артында тұтас команда тұрады. Теннисшінің жетістігі қаншалықты өзіне, ал қаншалықты жанындағы адамдарға байланысты?

— Бұл рас. Командасыз өте қиын. Маған әрдайым қолдау көрсетіп жүрген анама және әкеме өте ризамын. Қазір менің командамда ата-анам, теннис жаттықтырушым, фитнес жаттықтырушым және психолог бар. Олардың әрқайсысы өз саласында маған көмектеседі. Ойыншы кортқа жалғыз шығады, бірақ оның артында әрдайым алға жылжуына көмектесетін адамдар тұрады.

— Қазіргі таңда өзіңнің басты жеңісің деп нені санайсың — жеңіске жеткен матчыңды ма, әлде өзіңді жеңе алған қандай да бір сәтті ме?

— Қазір мен үшін өзімді жеңе алған жеке бір сәттен гөрі, жеңіске жеткен матч маңыздырақ деп ойлаймын. Өйткені жеңістің өзі — өзіңді жеңу. Матчта жеңіске жетсең, қиындықтарды еңсеріп, қысымға төтеп беріп, өзіңнің ең жақсы теннисіңді көрсете алғаныңды білдіреді.

— Он жылдан кейін бүгінгі өзіңмен кездесіп қалдың деп елестет. Болашақтағы өзіңнен қандай кеңес алғың келер еді?

— Бүгінгі өзіме: «Сенің қолыңнан ештеңе келмейді деп айтатын адамдарды тыңдама. Тәртіппен өз мақсатыңа қарай жүре бер. Саған сенетін адамдардың жанында бол», — дер едім.



Күн шежіресі