Джон ван ’т Шкип: Молдоваға қарсы матчта бізге үш ұпай керек
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип УЕФА Ұлттар лигасы аясында Молдова құрамасына қарсы өтетін өз алаңындағы матч алдындағы баспасөз мәслихатына қатысты, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Алдағы ойын біз үшін өте маңызды. Молдова — жақсы ұйымдасқан команда. Олар 5-3-2 немесе 5-3-1-1 схемасымен ойнайды. Біз олардың ойынына өз шешімімізді табуымыз керек, ең бастысы, сол шешім бізге үш ұпай әкелуі тиіс.
Алғашқы екі матчқа қарайтын болсақ, белгілі бір негіз қалыптастыра алдық деп ойлаймын. Әрине, нәтижелердің жақсы болғанын қалар едік. Бірақ Фарер аралдарына сырт алаңда ойнау оңай емес. Оның үстіне ұзақ жол болды және құрамда да белгілі бір мәселелер кездесті. Одан кейін топ фаворитімен де сырт алаңда ойнадық. Матчта жақсы ойнап, соңғы он минутқа дейін өз құрылымымызды сақтай алдық деп ойлаймын. Енді сол ойындардағы жақсы тұстарды өзімізбен бірге алып, ертең жеңіске жете алатынымызды көрсетуіміз керек.
— Словакиямен матчта ойыншыларыңыз қорғаныстан допты алысқа тебудің орнына қысқа пас арқылы шабуылға шығуға тырысты. Қорғаныстан шабуылға ауысу кезінде ойынды өзгертіп, комбинациялық футболға көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырсыз ба?
— Әр матч әртүрлі өтеді. Словакия допқа көп иелік етеді, қарсылас алаңында жақсы ойнайды және доптан айырылғаннан кейін оны тез қайтаруға тырысты. Біз мұны білдік. Молдова — мүлде басқа қарсылас. Оның үстіне біз өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз. Сондықтан ертең басқаша ойнауымыз керек. Біз көбірек шабуылдап, мүмкіндіктерімізді пайдалануға тырысамыз.
— Ертеңгі матчты Румыниядан келген төрешілер бригадасы басқарады. Румыния мен Молдова арасындағы тарихи және тілдік байланысты ескерсек, бұл сізге біртүрлі көрінбей ме?
— Бұл туралы менің пікірім жоқ. Біз мұны бақылай алмаймыз. Төрешілерді тағайындаумен УЕФА және тиісті құрылымдар айналысады. Бұл төрешілерді УЕФА басқа матчтардағы жұмысына байланысты тағайындады. Сондықтан оларға сенуіміз керек және ойын басталмай тұрып мұндай нәрселерді талқылаудың қажеті жоқ.
— Ертең Қазақстан құрамасы қаншалықты шабуылдаушы футбол көрсетеді? Максим Самородовтың жағдайы қалай?
— Әрине, біз көбірек шабуылдаймыз, өйткені өз алаңымызда ойнаймыз. Шабуылдағы мүмкіндіктерімізді көбірек көрсетуге тырысамыз. Бірақ қарсыласты да ұмытпауымыз керек. Молдова Словакиямен де, Фарер аралдарымен де болған матчтарда белгілі бір сәттерде қауіпті бола алатынын көрсетті. Максқа келетін болсақ, ол әзірге жалпы топпен жаттыққан жоқ. Бүгін кешке оның қаншалықты қалпына келгенін көреміз, содан кейін ғана шешім қабылдаймыз.
— Қуаттың орнына кім ойнайды?
— Ертең көресіздер. Қазір Қуаттың орнына кім ойнайтынын айта алмаймын.
— Георгий Жуков Фарер аралдарына қарсы матчқа өтінімге енбеді, ал Словакиямен ойында қосалқы құрамда қалды. Оның жағдайы қалай және алдағы матчтарда оған сенім артасыз ба?
— Бізде ойыншылар көп, бірақ матчқа тек 23 футболшыны ғана өтінімге енгізе аламыз. Жуков 28 ойыншыдан тұратын кеңейтілген құрамға соңғы қосылған футболшылардың бірі болды. Көргендеріңіздей, Словакияға қарсы матчта ол қосалқы құрамда болды.
Қуатқа байланысты жағдайды ескерсек, жартылай қорғаныста бір орын босайды. Сондықтан Жуков негізгі құрамда ойнайтын немесе қосалқы құрамда болатын ойыншылардың бірі. Шешімді ертең көресіздер.
— Стас Покатилов негізгі қақпашы болып қала ма?
— Мұны да ертең білесіздер. Стас алғашқы екі матчта қақпаны қорғады. Егер жағдайды 50/50 деп бағалауға болатын болса, әрдайым біреуді кінәлап, жауапкершілікті соған арта салу оңай. Бұл жағдайда, мүмкін, қақпашыға да жауапкершілік артылуы мүмкін. Бірақ менің ойымша, Стас жақсы ойнады, басқа футболшылар да жақсы өнер көрсетті. Енді біз ертеңгі матчта дұрыс реакция көрсетуіміз керек. Қақпада кім ойнайтынын ертең көресіздер.
— Молдованы міндетті түрде жеңу қаншалықты маңызды? Бауыржан Исламханның жағдайы қалай?
— Әрине, біз жеңуіміз керек. Өткен матчтарды өзгерте алмаймыз. Әрине, Словакиямен ойында 1:1 есебін сақтап қалғанымыз жақсы болар еді, бірақ соңында қарсылас жеңіске жетті. Бұл мықты команда. Енді біздің мақсатымыз — үш ұпай.