Богдан Вехов шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Қазақстан шорт-тректен Солт-Лейк-Сити қаласында (АҚШ) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы ұлттық құрама қоржынына жүлдені Богдан Вехов салды.
Отандасымыз 1000 метр қашықтықта сәтті өнер көрсетті. Вехов 1:24.177 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесіп, қола жүлдегер атанды.
Алтын медальді Оңтүстік Корея өкілі Пак Соджун (1:23.802) жеңіп алса, күміс жүлде Қытай спортшысы Юйхэн Лиге (1:23.903) бұйырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы эстафеталық жарыста үшінші орынға ие болған еді.