«Барыс» ашық жаттығу өткізді
8 тамызда «Барыс Арена» кешенінің В блогында БАҚ өкілдеріне арналған «Барыстың» ашық жаттығуы өтті, деп хабарлайды Sport+.
Екіжақты матч пен жаңа маусымға дайындықтың алғашқы кезеңінің қорытындысын команданың бас бапкері Михаил Кравец және негізгі құрам ойыншылары шығарды.
Михаил Кравец, «Барыстың» бас бапкері:
— Біз әзірге бір апта ғана жаттықтық. Жігіттердің барлығы өзіміздің қалай ойнайтынымызды және не істейтінімізді әлі толық көрсете қойған жоқ. Берілгендігіне, ынтасына, жаттығуға деген көзқарасына көңіліміз толады. Әрине, қателіктер де бар. Көптеген ойыншы үшін бұл ҚХЛ командасымен бірге өтіп жатқан алғашқы оқу-жаттығу жиыны. Ойыншыларды, олардың буындардағы үйлесімін қарап көрдік. Мұндай матчтар да сол үшін қажет. Қазір физикалық және тактикалық тұрғыдан дайындалып, құрамды анықтайтын кезеңдеміз. Жас ойыншылардың әрқайсысының өзіне тән жақсы қасиеттері бар, соларды дамыту және тиімді пайдалану қажет. Бүгін ойнағандардың басым бөлігі Уфада өтетін алғашқы турнирге баратын шығар. Одан кейін бес буынды қалдырып, Санкт-Петербургке сапарға дайындаламыз.
Аркадий Шестаков, «Барыстың» шабуылшысы:
— Ең басты мақсатымыз — плей-оффқа шығу. Жақсы маусым көптеген фактордан құралады: мүмкіндігінше көп матчта жеңіске жету, плей-оффқа жолдама алу, онда лайықты өнер көрсетіп, бірінші кезеңнен өтуге тырысу керек.
Ансар Шайхмеденов, «Барыстың» шабуылшысы:
— Биыл команда өткен жылмен салыстырғанда уақытында жиналды. Бұл бізге сенімділік беруі тиіс. Жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Әр ойын маусымға дайындық барысында өте маңызды. Алда алты матч бар. Менің ойымша, бұл кездесулер ойыншылардың үйлесімін, басымдықтағы және кем құрамдағы ойынды пысықтап көруге көмектеседі. Командада жаңа ойыншылар бар, сәйкесінше жаңа үйлесімдер де болады. Осы матчтар бізге көп көмектеседі деп ойлаймын.
Тайс Томпсон, «Барыстың» шабуылшысы:
— Жақсы әрі ауыр аптаны өткіздік. Астанаға оралып, жігіттермен қайта қауышып, мұз айдынына қайта шыққанымызға қуаныштымын. Қазір команда жақсы көрінеді. Жаз мезгілінде көптеген ойыншы өзімен жұмыс істегені көрініп тұр, қазір барлығы жаттығуда бар күшін салып жатыр. Жаттығуларымыз өте қарқынды өтуде. Дегенмен алда әлі көп жұмыс бар. Бір-бірімізге үйренісіп, буындардағы, жалпы командадағы үйлесімділікті қалыптастыру, әртүрлі жағдайларды, басымдықтағы және кем құрамдағы ойынды пысықтау қажет. Қазір дәл осы үдеріс жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл болашақтағы жетістігіміздің өте маңызды бөлігі болады.