«Барыс» «Анахайм» жүйесінде ойнаған шабуылшымен келісімшартқа отырды
«Барыс» америкалық шабуылшы Джастин Бэйлимен келісімшарт жасасты. Біржақты келісім бір маусымға есептелген және 2027 жылдың 31 мамырына дейін күшінде болады, деп хабарлайды Sport+ елордалық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бэйли кәсіби мансабының барлығын Солтүстік Америкада өткізді. Өткен маусымда шабуылшы «Анахаймның» фарм-клубы — «Сан-Диего Галлз» сапында өнер көрсетті. Джастин тұрақты чемпионатта 25 шайба соғып, команданың үздік мергені атанды. Сондай-ақ 71 матчта 17 нәтижелі пас берді. Жалпы АХЛ-дегі мансабында 500-ден астам ойын өткізіп, 182 шайба соғып, 140 нәтижелі пас авторы атанған.
«Барыстың» бас менеджері Леонид Метальников:
— Джастин Бэйлидің біздің командаға қосылғанына қуаныштымыз. Ол — қуатты әрі жылдам шабуылшы. Құрамды жасақтау барысында бізге тұрақты түрде гол соға алатын және қақпаға барынша ұмтылатын ойыншы қажет болды. Өткен маусымдағы 25 шайбасы оның мүмкіндігін толық көрсетеді. Джастин шабуыл шебіндегі өткірлігімізді арттырып, шабуылдардың нәтижелі аяқталуына өз үлесін қосады деп сенеміз.