Астанада Президент Кубогының жеңімпаздары анықталды

Астанада Президент Кубогының жеңімпаздары анықталды

Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында дәстүрлі Президент Кубогыаясында өткен халықаралық турнирлер аяқталды.

Жарыс қорытындысы бойынша ATP Challenger 50 санатындағы ерлер турнирінің жекелей және жұптық сайыстарында, сондай-ақ әйелдер арасындағы World Tennis Tour W15 турнирінде жеңімпаздар анықталды.

Әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстан өкілі Асылжан Арыстанбековажеңімпаз атанды. Финалда ол жапониялық Харуна Аракаваны жеңді. Бұл Арыстанбекованың Астанадағы W15 санатындағы турнирлерде қатарынан жеңіп алған екінші титулы болды. Бір апта бұрын қазақстандық теннисші Asu Openхалықаралық турнирінің екінші аптасында чемпион атанған еді.

«Қатарынан екі турнирде жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл оңай болған жоқ, әсіресе жарақатпен ойнау қиынға соқты. Соған қарамастан, өзімді жеңіп, екі турнирді де жеңіспен аяқтай алғаныма қуаныштымын. Мен үшін оңай қарсылас болмайды. Әр теннисшіге әртүрлі дайындалу керек, өйткені әрқайсысының ойын мәнері бөлек. Бұл екі апта физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да қиын болды. Қазір ең бастысы — қалпыма келу, өйткені шаршау жиналып қалды. Тағы екі апта Астанада жаттығамын. Одан кейін бапкерімізбен, Инкар Дюсебай және Аружан Сағандықовамен бірге Қытайдағы турнирлерге баруымыз мүмкін», — деді Арыстанбекова.

 

Ерлер арасындағы ATP Challenger 50турнирінің жұптық сынында Қазақстан атынан Григорий Ломакин Петр Бар-Бирюковпен бірге финалға шықты. Шешуші кездесуде оларға жапониялық Тайсей Ишикава / Масамити Имамура дуэті қарсы тұрды. Финалда Жапония өкілдері жеңіске жетіп, Ломакин мен Бар-Бирюков турнирдің күміс жүлдегерлері атанды.

Ерлер арасындағы жекелей сында тағы бір Жапония өкілі — Хаято Матсуока чемпион атанды. Финалда ол Тунис теннисшісі Азиз Догазды тартысты кездесуде жеңді. Алғашқы сетті 0:6 есебімен ұтылған Матсуока матч барысын өзгертіп, келесі екі партияда 6:1, 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.

«Азиз — соққылары өте мықты, күшті қарсылас. Жартылай финалда ол бірнеше матч-пойнтты қайтарып, мінез көрсетіп, кездесуді жеңіспен аяқтады. Бүгін де әр ұпай үшін соңына дейін күресті, сондықтан финал өте қиын болды. Мен Қазақстанға және Астанаға алғаш рет келдім және керемет әсер алдым. Турнирдің ұйымдастырылуы, қала және атмосфера маған өте ұнады. Мұнда өткізген әр күнімнен және осы корттарда ойнау мүмкіндігінен ләззат алдым», — деді Матсуока жеңісінен кейін.

Осылайша, Президент Кубогы Астанада үш апта бойы өткен халықаралық турнирлер сериясын қорытындылады. Қазақстандық теннисшілер өз алаңында сәтті өнер көрсетті: Асылжан Арыстанбекова W15 санатындағы екі турнирде қатарынан чемпион атанса, Григорий Ломакин ATP Challenger 50 турнирінің жұптық сынында финалға дейін жетті. Президент Кубогы Қазақстан астанасында түрлі елдердің өкілдерін қайта тоғыстырып, отандық спортшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға және рейтингтік ұпайлар иеленуге мүмкіндік берді.



Күн шежіресі