«Team Qazaqstan» Tennis Academy жаңа кезеңге қадам басты

«Team Qazaqstan» Tennis Academy жаңа кезеңге қадам басты

Қазақстан теннис федерациясының ұлттық құрамалар резервін даярлауға бағытталған жетекші жобасы — «Team Qazaqstan» Academy өзінің жаңартылған брендингін таныстырды.

Бұл өзгеріс академияның дамуындағы жаңа кезеңді айқындап, халықаралық деңгейдегі теннисшілерді тәрбиелеу жолындағы стратегиялық бағытын көрсетеді.

Академия Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылып, 2008 жылдың 1 маусымында өз жұмысын бастады. Осылайша елімізде дарынды жас теннисшілерді кәсіби деңгейде даярлайтын алғашқы мамандандырылған академия дүниеге келді.

Академия құрылған күннен бастап спортшылардың жан-жақты дамуына басымдық беріп келеді. Мұнда тәрбиеленушілер кәсіби теннис дайындығымен қатар сапалы мектеп білімін алып, ағылшын тілін тереңдетіп меңгереді. Сонымен бірге әлемнің жетекші теннис академиялары мен орталықтарында білімін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады.

Алғашқы қабылдау 2008 жылдың маусым айында 12–17 жас аралығындағы спортшылар арасында өтті. Арада бірнеше ай өткен соң академия тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылары АҚШ-тағы Gorin Tennis Academy базасында алғашқы халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әлемдік теннис орталықтарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалады.

2009 жыл академия тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Сол жылы әлемдік теннистегі тәжірибелі мамандардың бірі, нидерландтық жаттықтырушы Эрик ван Харпен академия жұмысына тартылып, спортшыларды даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыру мен жаттықтырушылар құрамын дамытуға жетекшілік етті. Кейін жобаға теннисшілердің дене дайындығы бойынша танымал маман, поляк бапкері Мечислав Богуславски қосылды.

Team Qazaqstan Academy тек спортшыларды ғана емес, қазақстандық жаттықтырушылар корпусын дамытуға да елеулі үлес қосты. Осы жылдар ішінде ондаған отандық маман әлемдік деңгейдегі сарапшылардың жетекшілігімен білім алып, тәжірибе жинақтады. Олардың қатарында Сергей Квак, Павел Цой, Петр Сетински, Виталий Павлов, Сағадат Аят, Болат Мамыр, Жансұлтан Чемботаев және Достанбек Ташбулатов бар. Жинақталған тәжірибе кейін өңірлік теннис орталықтары мен ұлттық құрамалардың жұмысына енгізіліп, еліміздің жаттықтырушылық әлеуетін күшейтуге ықпал етті.

Бүгінде академия әлемнің жетекші теннис орталықтарымен тығыз әріптестік орнатқан. Қазақстандық спортшылар Rafa Nadal Academy, Piatti Tennis Center, Bruguera Tennis Academy, Pro World Tennis Academy, Mouratoglou Tennis Academy, TenisVal және Италия, Испания, АҚШ, Чехия мен Словакиядағы өзге де танымал академияларда оқу-жаттығу жиындарынан өтті.

Қазіргі таңда Team Qazaqstan құрамында ұлттық құрамалардың негізгі және резервтік құрамындағы 32 спортшы дайындалуда. Соңғы бес жылда академияның 19 тәрбиеленушісі Қазақстанның түрлі жас санатындағы ұлттық құрамаларының сапында өнер көрсетті.

Академия қабырғасынан халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген көптеген кәсіби теннисші түлеп шықты. Олар Дэвис кубогы, Билли Джин Кинг кубогы, World Tennis турнирлері мен Азия чемпионаттары секілді беделді жарыстарда ел намысын қорғап келеді. Академия түлектерінің қатарында жұптық сындағы әлемнің алтыншы ракеткасы Анна Данилина, Азия ойындарының күміс жүлдегері Денис Евсеев, жасөспірімдер Азия ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Попко, Жібек Құламбаева, Григорий Ломакин, Достанбек Ташбулатов, сондай-ақ қазақстандық теннистің жаңа буынының өкілдері Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы және Ахмади Маханов бар.

Team Qazaqstan Academy академиясының жаңартылған брендингі қалыптасқан құндылықтар мен дәстүрлердің сабақтастығын сақтай отырып, оның дамуындағы жаңа белесті білдіреді. Академия алдағы уақытта да қазақстандық теннистің болашақ чемпиондарын тәрбиелейтін басты орталықтардың бірі ретінде өз миссиясын жалғастыра береді.



Күн шежіресі