Ахмади Маханов алғаш рет World Tennis J100 турнирінің чемпионы атанды
Қазақстандық теннисші Ахмади Маханов Австрияның Вена қаласында өткен «World Tennis J100» санатындағы халықаралық турнирдің чемпионы атанды, деп хабарлайды Sport+.
Австрия астанасының топырақ төселген корттарында Маханов жұптық сында жергілікті теннисші Леандер Таубермен бірге өнер көрсетті. Қазақстандық-австриялық жұп турнирде төртінші нөмірлі жұп ретінде белгіленді.
Финалда Маханов пен Таубер турнирдің екінші нөмірлі сериялық жұбы — норвегиялық Пол Хьортеланд пен Николай Шибаниге қарсы ойнады. Бірінші сетте норвегиялық жұп 6:4 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші партияда Маханов пен Таубер ойын барысын өзгертіп, есепті теңестірді — 6:4. Жеңімпаз чемпиондық тай-брейкте анықталды. Онда қазақстандық-австриялық жұп 10:5 есебімен басым түсті.
Кездесудің қорытынды есебі — 4:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, 15 жастағы Ахмади Маханов мансабында алғаш рет World Tennis J100 деңгейіндегі турнирдің жеңімпазы атанды. Бұған дейін қазақстандық теннисші Чэнду, Қарағанды және Әндіжанда үш J60 турнирінде чемпион атанса, сондай-ақ Манамада өткен J30 санатындағы жарыстарда екі рет жеңімпаз болған.