Қазақстандық теннисші Асылжан Арыстанбекова Астанадағы халықаралық турнирдің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Асылжан Арыстанбекова Астанадағы халықаралық турнирдің чемпионы атанды

Астанада World Tennis W15/M15 санатындағы «Asu Open» халықаралық біріккен турнирінің екінші аптасы аяқталды, деп хабарлайды Sport+.

Қазақстандық теннисшілер барлық санатта финалға дейін жетсе, аптаның басты жетістігі 20 жастағы Асылжан Арыстанбекованың әйелдер арасындағы жекелей сында топ жаруы болды.

Финалда Арыстанбекова Оңтүстік Корея өкілі Чан Су Джонмен кездесті. Қазақстандық теннисші шешуші матчты сенімді өткізіп, қарсыласын екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңді.

Бұл Асылжанның мансабындағы World Tennis W15 деңгейіндегі алғашқы титулы. Қазақстандық спортшы үшін бұл жеңістің маңызы ерекше. Турнир барысында Арыстанбекова жарақат алғанына қарамастан, жарысты жалғастырып, бірнеше мықты қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Атап айтқанда, ол жасөспірімдер арасындағы Уимблдон чемпионы ресейлік Анна Пушкареваны жеңсе, жартылай финалда «Asu Open» турнирінің алғашқы аптасында топ жарған Эдда Мамедовадан басым түсті.

Арыстанбекова бір апта ішінде бірден екі титул жеңіп алуға жақын болды. Жұптық сында ол Инкар Дюсебаймен бірге финалға шықты. Шешуші кездесуде қазақстандық жұп турнирдің бірінші нөмірлі ойыншылары — Оңтүстік Корея өкілдері Хи Рэ Им мен Ын Чэ Кимге 5:7, 3:6 есебімен жол берді.

 

Ерлер арасындағы жекелей сында да Қазақстан өкілі финалға шықты. Дамир Жалғасбай чемпиондық атақ үшін жапониялық Шунсуке Мицуимен кездесті. Қазақстандық теннисші алғашқы сетте қарсыласына лайықты қарсылық көрсеткенімен, кездесу 7:5, 6:2 есебімен жапониялық спортшының пайдасына аяқталды.

 

Жалғасбай жұптық сында да финалға дейін жетті. Ол Даниял Рахматуллаевпен бірге шешуші кездесуде ресейлік Мартин Борисюк пен үндістандық Каран Сингх жұбына жол берді.

 
Осылайша, «Asu Open» турнирінің екінші аптасында қазақстандық теннисшілер төрт санаттың барлығында финалда өнер көрсетті. Асылжан Арыстанбекова жекелей сында чемпион атанса, тағы үш бәсекеде Қазақстан өкілдері күміс жүлдеге ие болды.

World Tennis W15/M15 санатындағы «Asu Open» халықаралық біріккен турнирі Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында өтті. Жарыс жас қазақстандық теннисшілерге өз алаңында халықаралық тәжірибе жинап, әлемдік рейтингке қажетті ұпайлар алуға мүмкіндік берді.