«Asu Open»: Қазақстандық теннисшілер төрт финалға жолдама алды

«Asu Open»: Қазақстандық теннисшілер төрт финалға жолдама алды

Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығының хард корттарында W15/M15 санатындағы «Asu Open» халықаралық біріккен турнирі жалғасуда, деп хабарлайды Sport+.

Кезекті жарыс күнінде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында ширек финал және жартылай финал матчтары өтті.

Ерлер арасында қазақстандық теннисші Дамир Жалғасбай Үндістан өкілдеріне қарсы екі кездесу өткізіп, сәтті өнер көрсетті. Ширек финалда ол Маан Кешарваниді 6:3, 6:1 есебімен сенімді түрде жеңді. Ал жартылай финалда Жалғасбай Мукунд Сасикумармен кездесті. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 4:0 есебімен алда тұрған сәтте қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, Дамир Жалғасбай M15 турнирінде бірден екі санат бойынша финалға жолдама алды. Жекелей сында ол жарыстың бас жүлдесі үшін таласса, жұптық финалда Даниал Рахматуллаевпен бірге кортқа шығады.

«Жартылай финалдағы қарсыласым ширек финалда өте мықты теннисшіге қарсы үш сағатқа жуық ойнады. Біздің кездесуіміз басталғаннан-ақ оның баяу қозғалып, менің ойын ырғағымды бұзуға тырысқанын байқадым. Бірақ мен өз ойыныма барынша көңіл бөлуге тырыстым. Турнирдің алғашқы аптасымен салыстырғанда дайындығыма біраз өзгеріс енгіздім. Өткен аптада жартылай финалға келгенде шаршағанымды сезіндім. Сондықтан қазір қалпыма келуге көбірек көңіл бөліп жүрмін және оның пайдасын көріп отырмын. Бүгін ертерек ұйықтап, массаж жасатып, шешуші матчтарға дұрыс дайындалуға тырысамын. Бірден екі финалда ойнайтыныма өте қуаныштымын. Оның үстіне жұптық сында досым Даниалмен бірге өнер көрсетемін. Сондықтан жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», — деді Жалғасбай.

Әйелдер арасында Қазақстан өкілі Асылжан Арыстанбекова да сәтті өнер көрсетуін жалғастыруда. Ширек финалда ол 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы Уимблдон чемпионы Анна Пушкареваны 6:4, 6:4 есебімен жеңді.

Жартылай финалда Арыстанбекова «Asu Open» турнирінің алғашқы аптасының жеңімпазы Эдда Мамедовамен кездесті. Екінші сет барысында қазақстандық теннисшінің қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде Арыстанбекова W15 турнирінің финалына жолдама алды.
Асылжан жұптық сында да чемпиондық атақ үшін күресін жалғастыруда. Ол Инкар Дюсебаймен бірге финалға шығып, турнирдің бас жүлдесі үшін таласады.

Осылайша, Қазақстан өкілдері «Asu Open» турнирінің екінші аптасындағы төрт финалдың барлығында өнер көрсетеді. Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекова жекелей сында чемпиондық атаққа таласса, қазақстандық теннисшілер ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық бәсекенің финалында да кортқа шығады.

Шешуші матчтар жексенбі, 9 тамыз күні өтеді.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!



Күн шежіресі