«Астана» жаңа бас бапкердің тағайындалғанын хабарлады
Антон Юрьевич Пономарёв 2026/27 жылғы маусымда «Астананың» бас бапкері болады, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Антон Пономарёв — Қазақстан баскетболындағы танымал тұлға, ойыншы әрі бапкер ретінде тәжірибесі мол маман.
Өткен маусымда Антон Пономарёв «Астананың» жаттықтырушылар штабына бас бапкердің ассистенті ретінде кірді, ал Ұлттық лиганың финалдық сериясында команданың бас бапкері міндетін атқарды. Бір жыл бұрын ол «Астана-Жастар» командасын басқарған.
Клубтардағы жұмысынан бөлек, Пономарёв Қазақстанның ұлттық және жастар құрамаларының жаттықтырушылар штабында бас бапкердің ассистенті қызметін атқарды.
Антон Пономарёвтың ойыншылық мансабы 2002 жылы «Астана жолбарыстары» командасында басталды. Елордалық клуб сапында ол кәсіби баскетболшы ретінде қалыптасып, бірқатар ұлттық титулдарға қол жеткізді.
2010 жылы Пономарёв мансабын Қазақстаннан тыс жерде жалғастырып, Сербияның «FMP Белград» және Ресейдің «Спартак-Приморье» клубтарында өнер көрсетті. 2011 жылы ол Қазақстанға оралып, ВТБ Бірыңғай лигасында ойнаған «Астана» БК-ның алғашқы ойыншыларының бірі болды.
Антон Пономарёв «Астана» сапында 2021 жылға дейін өнер көрсетті. Осы аралықта ол ойыншылық мансабын аяқтап, кейін командаға қайта оралды. 2013 және 2016 жылдары Пономарёв ВТБ Бірыңғай лигасының үздік қазақстандық ойыншысы деп танылды.
Енді Антон Пономарёв «Астанадағы» жолын бас бапкер ретінде жалғастырады.