Миландық «Интердің» түлегі енді «Ақтөбе» сапында
Бельгиялық қорғаушы Сенна Малик Мианг ресми түрде «Ақтөбе» футбол клубының қатарына қосылды, деп хабарлайды Sport+ ақтөбелік клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
29 жастағы футболшы қорғаныстың ортасында да, сол жақ қапталында да сенімді өнер көрсете алады. Бойы — 192 сантиметр. Солақай ойыншы қажет болған жағдайда сол қанаттағы латераль немесе вингбек позициясында да ойнауға қабілетті.
Сенна футболшылық жолын туған қаласы Антверпеннің жергілікті командаларында және «Беершот» академиясында бастады. Оның дарынын ерте байқаған италиялық мамандар жас ойыншыны Миланның «Интер» академиясына шақырды. Кейін Мианг «Интер» сапында Италия А сериясында дебют жасап, одан кейін «Кальяри» клубының намысын қорғады.
Мансабында сондай-ақ Бельгияның «Стандард», «Серкль Брюгге» және «Эйпен» клубтарында, сондай-ақ Мажарстанның «Дьер» командасында өнер көрсетті.
Сенна Малик Мианг Бельгияның жасөспірімдер және жастар құрамаларының барлық жас санаттарында ойнап, халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинақтады.
Айта кетейік, футболшының әкесі Бонифасе Мианг кезінде Конго ұлттық құрамасының намысын қорғаған.