«Жеңіс» Израиль чемпионатында ойнаған бразилиялық футболшымен келісімшартқа отырды

32-жасар бразилиялық жартылай қорғаушы Жиан Дос Сантос Мартинс «Жеңіс» футбол клубының қатарын толықтырды, деп хабарлайды Sport+ елордалық клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиан кәсіби мансабын 2013 жылы Португалияның «Санжоаненсе» клубында бастады. Сонымен қатар Португалияның «Униао Мадейра» және «Пасуш де Феррейра» клубтарында ойнаған. 2019 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстан чемпионатында «Тараз», «Оқжетпес», «Атырау» және «Қызыл-Жар» клубтарының сапында өнер көрсетті. Қазақстан Премьер-лигасында 97 матч, ал Қазақстан Кубогында 8 матч өткізді. Жаңа ойыншымыздың соңғы клубы Израильдің жоғарғы дивизионында ойнайтын «Ирони» болды.
Жианның астаналық команда сапындағы алғашқы матчын ертең көруге болады. «Жеңіс» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Ойын 15:00–де басталады. Тікелей трансляция Sport+ арнасында көрсетіледі.