logo

UTLC Ice Cup 2026 турнирінің жеребесі тартылды

UTLC Ice Cup 2026 турнирінің жеребесі тартылды

«Барыс Арена» баспасөз орталығында алтыншы халықаралық UTLC Ice Cup турнирінің басталуына орай баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға «ОТЛК ЕРА» АҚ бас директоры Алексей Гром, «Барыс» ХК бас директорының спорт жөніндегі орынбасары Алексей Мамонтов, «Барыс» ХК жас ойыншыларды дамыту жөніндегі жаттықтырушысы Лео Гудас, канадалық маман, Еуропаның көптеген командаларында бас бапкер болған Джейсон О’Лири, сондай-ақ турнирге қатысушы командалардың өкілдері қатысты.

Алексей Гром, «ОТЛК ЕРА» АҚ бас директоры:

— Мен бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын, біздің компания үшін мұндай турнирді ұзақ жылдар бойы қолдау — үлкен мәртебе. Бүгін президиумда Чехия мен Канада сияқты хоккейі дамыған елдердің өкілдерін көру — одан да зор құрмет. Көпшілігі бізден: хоккеймен тікелей айналыспайтын компания үшін мұндай турнирді ұйымдастыру қаншалықты ауыр жүк деп сұрайды. Шын мәнінде, бұл жүк емес, керісінше, сіздермен бірге осында болып, жас жұлдыздардың мұз айдынында өз шеберліктерін көрсетуін тамашалау — үлкен қуаныш. Осындай керемет кубоктың бүгін тамаша кешенде, әсем қалада және тамаша елде өтіп жатқаны қуантады. Баршаңызды турнирдің басталуымен құттықтаймын! Қатысушылар мен бапкерлерге ойыннан ләззат алып, бар мүмкіндіктерін көрсетуге тілектеспін. Ал жанкүйерлерді трибуналарға келіп, сүйікті командаларын қолдауға шақырамын!

Алексей Мамонтов, «Барыс» ХК бас директорының спорт жөніндегі орынбасары:

— Баршаңызды Астанада қайта көргенімізге қуаныштымыз. Біздің турнир бес елдің командаларын біріктіреді және хоккейді дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Командалар үшін бұл — өз шеберліктерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Алда бізді жарқын, қарқынды әрі қызықты матчтар күтіп тұр. Турнир жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. «ОТЛК ЕРА» компаниясына, оның ішінде Алексей Николаевич Громға көпжылдық қолдауы үшін ерекше алғыс білдіремін. Бұл қолдау біздің елдерде жасөспірімдер мен жастар хоккейін дамытуға мүмкіндік береді. Командаларға сәттілік тілеймін және жарақатсыз ойын болсын! Баршаңызға жақсы ойын мен жағымды эмоциялар тілеймін!

Баспасөз конференциясы аясында жеребе тартылып, оның қорытындысы бойынша командалар қарсыластарын анықтады. А тобында финалдық кезеңге жолдама үшін Астананың «Барысы», прагалық «Викингтер» және Санкт-Петербургтің «Армия СКА» командалары бақ сынайды. В тобында Минскінің «Динамосы», Бейжіңнің «Хокайы» және Омбының «Авангарды» кездеседі.

Одан әрі өз топтарында үшінші орын алған командалар бесінші орын үшін ойнайды. Қалған қатысушылар жартылай финалдарда, сондай-ақ қола және алтын жүлде үшін матчтарда күш сынасады.

UTLC Ice Cup 2026 турнирінің кестесі жақын уақытта біздің ресурстарда жарияланады.



Күн шежіресі