Үндістанда қазақ күресінен әлем чемпионаты өтуде

Біріншілік бағдарламасына сәйкес, спортшылар (ерлер мен әйелдер) 16 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтауда. Дели төрінде төл күресімізден ел намысын қорғап жатқан балуандар қатарында Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Мұзаппаров Ерсұлтан, Нұрдәулет Жарылғапов, Зарина Сарипова, Рауза Нұрмахамметова және Роза Нысантайқызы сынды үздіктер бар, деп хабарлайды Sport+ Kazinform cайтына сілтеме жасай отырып.
Дүбірлі доданың салтанатты ашылу шарасына Үндістанның Қазақ күресі ассоциациясының президенті Хариш Тяги, еркін күрестен Лондон — 2012 олимпиадасының қола жүлдегері Йогешвар Дутт және UWW техникалық делегаты Онур Шимшек қатысты.
Өз кезегінде сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов ұлттық құндылығымыз саналатын қазақ күресін халықаралық аренада насихаттайтын бұл чемпионаттың маңыздылығын тілге тиек етті.
— Үндістан — қазақ күресін белсенді түрде дамытып жатқан елдердің бірі. Қазіргі уақытқа дейін бұл елде қазақ күресінен төрт рет ел чемпионаты өткен. Сіздердің күресімізге жоғары қызығушылық танытып жүргендеріңіз — біз үшін үлкен мақтаныш. Екіжылдықтың басты додасының ақтық белдесуінде күресетін балуандарға сәттілік, ал көрермендерге жарқын эмоция тілеймін, - деді Дамир Әсенғазыұлы.
Спорттық шара барысында UWW техникалық делегаты Онур Шимшек Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың UWW ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылданғанын жариялады.
Айта кетсек, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары жұмыс істейді. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы және 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал, 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді.
2024 жылғы V ДКО аясындағы қазақ күресінің жарысына 46 мемлекеттің 300-ден астам спортшы қатысқан болатын. Сөйтіп, қазақ күресі кешенді ойындардағы ең көп спортшы қатысқан спорт түрі болып танылды. Шетелдік спортшылар бұл додада жоғары бәсекелестік көрсетіп, түрлі деңгейдегі 48 медальді жеңіп алды.
Әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің спортшылары қатысып жатқан бәсекенің бірінші жарыс күні тартысты өтті. Қатысушы командалар үлкен дайындықпен келгені анық байқалды. Әсіресе, Үндістан елінің құрама командасының өкілдері қазақстандық балуандарға жоғары бәсекелестік таныта білгенін атап өткен жөн.
Бірінші жарыс күнінің нәтижесі:
Ерлер. 55 кг
І орын — Bekzhan TOLEPOV KAZ
ІІ орын — Khurshidbek CHORIEV UZB
ІІІ орын — Bablu KUMAR IND
60 кг
І орын — Meiirzhan BEREKETOV KAZ
ІІ орын — Giorgi INASHVILI GEO
ІІІ орын — Eyvaz BAKHSHIYEV AZE
66 кг
І орын — Nur AMANSHUKIROV KAZ
ІІ орын — Gigi OTIASHVILI GEO
ІІІ орын — Arkadiusz Jakub MAKAREWICZ POL
ІІІ орын — Hemat KUMAR IND
74 кг
І орын — Zhumazhan KOZHAMBEKOV KAZ
ІІ орын — Navruz KARIMZOD TJK
ІІІ орын — Hajali GASIMOV AZE
ІІІ орын — Matheas TRILLJAERV EST
Әйелдер. 48 кг
І орын — Aizhan ZHYLKYBAYEVA KAZ
ІІ орын — Oliwia Wiktoria KOZUCH POL
ІІІ орын — Priya PRIYA IND
52 кг
І орын — Sitora ELMURODOVA UZB
ІІ орын — Muskan MUSKAN IND
ІІІ орын — Aruzhan ADASKHAN KAZ
56 кг
І орын — Rauza NURMAKHAMETOVA KAZ
ІІ орын — Nisha KUMARI IND
ІІІ орын — Martyna GALEK POL
60 кг
І орын — Annu ANNU IND
ІІ орын — Khurshida TUKHLIEVA UZB
ІІІ орын — Gulim YELUBAY KAZ
ІІІ орын — Fidan HUSEYNOVA AZE
Айта кетейік, әлем чемпионатының екінші жарыс күні, яғни бүгін ерлер -82 кг, -90 кг, -100 кг, +100 кг, ал әйелдер -65 кг, -70 кг, -77 кг, +77 кг салмақ дәрежесінде сынға түседі.