Семейдегі NAIZA 74 турнирі тікелей эфирде

NAIZA 74 турнирі 28 маусым күні Семей қаласында өтеді. Басты жекпе-жекте жергілікті спортшы Тимур Серікұлы мен Қостанайлық Тамерлан Саралапов октагонға шығады.
Тамерлан таразыда салмақ лимитінен 600 грамм артық көрсеткендіктен, бастапқыда Тимур жекпе-жектен бас тартқан. Алайда лига мен спортшылар келісімге келіп, жекпе-жек өтетін болды.
Егер Серікұлы жеңіске жетсе, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеудің иесі атанады. Саралапов жеңіске жеткен жағдайда белбеу вакантты күйінде қалады.
Сонымен қатар, турнир аясында тағы бір титулдық жекпе-жек өтеді — Дастан Амангелді өз белбеуін өзбекстандық Хусанбой Исохожаевқа қарсы қорғайды.
Кештің тең басты жекпе-жегінде ресейлік ММА спортшысы Мохаммед Хейбати мен қазақстандық жұдырықтасу шебері Санжар Тажиев кездеседі.
Барлығы 12 жекпе-жек жоспарланған. Турнир сағат 16:00–де басталады. Тікелей трансляция Sport+ телеарнасында, sportplustv.kz сайтында және YouTube-тегі Sportplus_qaz арнасында қолжетімді.