Сауат Нұрғалиев жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

Сауат Нұрғалиев жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

15 жастағы қазақстандық шахматшы Италияның Монтесильвано қаласында өткен FIDE World Youth Chess Championships 2026 турнирінде қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.

2026 жылғы жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионатына U14, U16 және U18 жас санаттары бойынша 85 ел мен аумақтан 742 жас шахматшы қатысты.

Қазақстан атынан жарысқа 35 спортшыдан құралған делегация барды. Ең үздік нәтижені ерлер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстанның қазіргі чемпионы Сауат Нұрғалиев көрсетті. Ол O16 санатында 8,5 ұпай жинап, 152 қатысушының арасында үшінші орынға ие болды.

Жарыстағы нәтижелер өте тартысты болды. Мәселен, G14 санатында бірінші және 21-орын арасын небәрі 2 ұпай ғана бөлді. Сондықтан әрбір тең ойын жалпы қорытындыға айтарлықтай әсер етті.

Қазақстанның дарынды жас шахматшыларының бірі Марк Смирнов O14 санатында бесінші орын алды. Оның командаласы Диас Қуандықұлы 11-орынға тұрақтады. Екі спортшы да 8 ұпай жинағанымен, орындарды қосымша көрсеткіштер анықтады. Бұл санатта үшінші орын алған америкалық Итан Гуо да дәл осындай 8 ұпай еншілеген. Алғашқы орыннан олардың барлығын небәрі бір ұпай ғана бөліп тұрды. Марк Смирновтың жалпы нәтижесіне соңғы турдағы тең ойын әсер етті.

G16 санатында қазақстандық Елназ Қалиахмет төртінші орынға ие болды. Оның соңынан дәл сондай 8 ұпай жинаған тағы бір отандасымыз Мария Холявко бесінші орынға жайғасты. Олар екінші және үшінші орыннан небәрі жарты ұпайға қалып қойды.

Ал O18 санатында Эдгар Мамедов 8 ұпаймен бесінші орын алды. Үшінші орын иегері де дәл осындай ұпай жинағанымен, жүлделі орын тағдырын қосымша көрсеткіштер шешті.