Расул Хатаев «Alash Pride» және «Brave» бірлескен турниріндегі жекпе-жек туралы: Қарсыласым үшін бұл кеш ауыр өтеді
«Alash Pride» лигасының ауыр салмақтағы чемпионы Расул Хатаев Sport+ арнасына берген сұхбатында «Alash Pride» және «Brave CF» лигаларының бірлескен турниріне дайындығы туралы айтып берді.
— Жаттығу жиындары өте жақсы өтті. Ол жақта бір ай болып, ауқымды жұмыс атқардық. Бауырларымыз бізді жылы қабылдап, жақсы қарсы алды. Күрес пен соққы техникасын жетілдіруге мүмкіндік болды. Әрине, осындай мықты жігіттермен бірге жұмыс істегенде психологиялық жағдай да жақсарады. Бізбен бірге көптеген атақты файтерлер жаттықты.
— Сіз бұл жекпе-жекке жеңіліссіз сериямен келіп отырсыз, қарсыласыңыз да жеңісті жолын жалғастыруда. Бұл жекпе-жекке ерекше болып, қысым жасай ма?
— Жоқ, бұл маған мүлде қысым түсірмейді. Жекпе-жекке физикалық әрі психологиялық тұрғыдан тамаша күйде келіп отырмын. Бұл — мен октагонға шығып, өзімді жүз пайыз көрсететін кезекті кездесу. Қарсыласымның жекпе-жектерін қараған жоқпын, жаттығуда өзіме және қабілеттеріме басымдық беремін, барлық қырынан дайындалып жатырмын. Қарсыласым үшін бұл кеш ауыр болады.
— Сіз «Alash Pride» лигасының чемпионысыз. Бұл кездесуде чемпиондық белбеу сарапқа салына ма, әлде титулдық емес жекпе-жек пе?
— Жоқ, бұл біз үшін рейтингтік жекпе-жек болады.
— Қарсыластың алдын орап жоспар құру дұрыс емес дейді, дегенмен 31 мамырдан кейінгі жоспарыңыз қандай?
— «Соғыстың жоспарын уақыт көрсетеді» дейді ғой, бәрі кезең-кезеңімен болады. Қазір мен Америка Құрама Штаттарына виза алуды жоспарлап жүрмін. Алдымен сол жаққа барып, жағдайды көргім келеді.
31 мамырдағы турнирді Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.