logo

Қазақстандықтар негізгі кезеңге өтті: Астанадағы семсерлесуден Әлем кубогының алғашқы күнінің қорытындысы

Қазақстандықтар негізгі кезеңге өтті: Астанадағы семсерлесуден Әлем кубогының алғашқы күнінің қорытындысы

Астанада ерлер мен әйелдер арасында шпага бойынша семсерлесуден Әлем кубогы басталды. 

Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан атынан 30 спортшы сынға түсті. Топтық кезеңде әр қатысушы кемінде алты жекпе-жек өткізді. Іріктеу қорытындысы бойынша бірқатар спортшылар келесі кезеңге тікелей жолдама алса, қалғандары плей-офф кезеңінде 128-дік, кейін 64-тік кестеге шығу үшін күресті жалғастырды.

Үздік 64 спортшының қатарына ену - турнирдің негізгі кезеңінде медаль үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік береді. Негізгі кезең 28 наурыз күні өтеді.

Келесі кезеңге өткен спортшылар арасында Ерлік Сертай мен Кирилл Проходов бар. 

27 наурыз күні Астанада әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі өтеді. Негізгі кезеңге жолдама үшін Қазақстан құрамасының өкілдерін қоса алғанда, үздік шпагашылар сынға түседі.

28 және 29 наурыз күндері турнирдің шешуші кезеңдері - ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей және командалық жарыстардың жартылай финалдары мен финалдары өтеді.



Күн шежіресі